Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мешітіміздің «Аналар мектебі» 41 шәкіртке сый-сияпат жасады

0 1  435

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып, мұқтаж адамдардың қажетіне жарап, қуаныштарына өз үлесін қосып келеді. Әр түрлі акциялар мен мерекелерге орай өткізілетін ірі көлемді қайырымдылық науқандарын қоспағанда, апта сайын түрліше форматта үлкенді-кішілі қайырымдылық жұмыстары жиі жүргізіліп отырады.

Мешітіміздің осы жолғы игі шарасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана медресе-колледжінде» қыздар бөлімінде білім алып жатқан шәкірттерге арналды.

Дінімізде білім алу әрбір ер мен әйелге парыз етілгенін баршамыз білеміз. Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят).  Байқасаңыз, осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдай анық. 

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  хадис шәріпте: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді…», – дейді. (Тирмизи риуаяты)

Бізге жеткен хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жарты құрма болса да беріп оттан сақтаныңдар», – дейді. Осыған орай, мешітіміздің  «Әйелдер-қыздар» секторына қарасты  «Аналар мектебі» Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана медресе-колледжінде» қыздар бөлімінде білім алып жатқан 41 шәкіртке сый-сияпат жасап, қуаныш сыйлады.  

Игі шараға 150 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалып, шәкірт қыздардың оқуына, күнделікті тұрмыста қажетті заттар салынған пакеттер таратылды.    

Кездесуден кейін, ұстаздар мен шәкірт қыздарға, аналарымызға арнайы  дастархан жайылып, әйел адамдарға қатысты тақырыпта түрлі уағыздар айтылды. «Астана медресе-колледжінің» әйел ұстаздары мен шәкірттері түрлі игі шаралардың басында жүретін «Аналар мектебінің» мүшелеріне, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіне қарасты «Әйелдер-қыздар» секторының жетекшісі Көксеген Айгүл ұстазға разылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.