Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мешіт имамдары семинар-тренингке қатысты

0 722

Ғаламтор қазақ қоғамына енгелі көп болған жоқ. Аз уақытта әлем торласып үлгерді. Кешегі жаңалық, жаңалық болмай қалды. Сол заматта бүгінгі жаңалық та ескіріп үлгереді. Дәл қазіргі жаңалығыңыз әлдекімдерден естіген әңгімесі болуы мүмкін… Осы тұста әлеуметтік желілер өмірімізде маңызды орынға ие. 

Қазіргі карантин жағдайына байланысты әлеуметтік желілер дін саласының мамандары үшін онлайн-мінберіміз болып отырғанын білеміз. Халқымызды діни ақпараттандыру үшін имамдарымыздың аталмыш насихат кеңістігін сауатты пайдалана білуі заман талабы болып отыр.  Үйде отырған халық рухани жұтаңдап қалмас үшін оларға үздіксіз үгіт-насихаттарымызды жеткізуде дін қызметкерлерінің жігер-ықыласы ауадай қажет.  

ҚМДБ-ның басты бағыттарының бірі – үгіт-насихат арқылы ел тұрғындарын дұрыс діни ақпаратпен қамтамасыз ету болса, еліміздегі барлық мешіттерге ақпарат саласында, ғаламторды пайдалануда сауаттылық пен беленді болу талап етіледі. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да еліміздегі карантин жағдайының жалғасуына байланысты имамдарға әлеуметтік желіде белсенді болу керектігін ескерткен еді.

Осыған орай, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде дін қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті. 

ҚМДБ Аппарат басшысының көмекшісі, Proger.kz жобасының авторы Тимур Орынханов пен Ғаламтор секторының маманы, muftyat.kz сайтының тілші-редакторы Ермұрат Назарұлы имамдарға компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеу мен әлеуметтік желілерде ақпарат таратудың қыр-сырларын үйретіп, әлеуметтік желідегі діни насихаттың мән-мақсатын түсіндірді. Имамдарға бүгінгі таңда ғаламторда белсенділікті арттырудың қаншалықты қажет екені талқыланып, діни  материалдарды бөлісудің тиімді тәсілдерімен таныстырды.  Семинарда әлеуметтік желіні пайдалану ережелерінен бастап, әдебі мен әлеуеті де қоса түсіндірілді. 

«Бүгінде компьютермен және әлеуметтік желілермен жұмыс істеу қоғамдағы қай салада болмасын үйреншікті қарекетімізге айналды. Ал оны сауатты әрі жедел атқарудың тетіктерін білу мақсатында осы семинарды ұйымдастырдық. Уақыт бөліп арнайы келген әріптес бауырларымызға алғыс айтамыз» деді мешіттің бас имамы Хамзат Қажымұратұлы.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі 

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.