Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алматыда «Көркем мінез кемеңгері – Мұхаммед (с.ғ.с.)»  атты мәуліт мерекесі өтті

0 513

Алматы қаласы Республика сарайында «Көркем мінез кемеңгері – Мұхаммед (с.ғ.с.)»  атты мәуліт мерекесі өтті. Рухани кештің ұйымдастырушысы – ҚМДБ Алматы қалалық орталық мешіті.

Мәуліт кешіне зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен мешіт жамағаты және имамдар қатысты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған халықты құттықтап, арнайы баяндама жасады.

Алматы қаласы дін істері басқарма басшысы Нұрлан Қиқымов мәуліт мерекесімен барша жұртшылықты құттықтады.

Ақын, сазгер Жәкен Омаров пайғамбарымыздың өмірбаянын қазақ тілінде жырлады. Бұған дейінгі мәуліт мерекелерінде Пайғамбарымыздың балалық шағы, одан кейін пайғамбарлықтың келуі, миғражға көтерілуі, одан кейін хижреттің алғашқы жылдары мен Бәдір соғысы жайлы қазақ тілінде жырланған еді.

Ал, биыл хижреттің үшінші жылында болған оқиғалар, Ухуд соғысы, хазреті Хамзаның шейіт болуына тоқталып өтті. Рухани кешті Арман Ғабдуллин жүргізді.

Мәуліт мерекесіне арнайы жаздырылған “Пайғамбар өнегесі” және “Пайғамбарға сағыныш” әндерінің тұсауы кесілді. Мерекелік шарада Айдар Тұрғанбек, Ердос Қанаев, Сержанәлі Әлібек, Ерген Айтымбетов, Райым Уайыс және Жігер Ауыпбаев иләһи әндер мен термелер орындап, пайғамбарға деген сағыныштарын әнмен жеткізді.

«Ғ.Мүсірепов» атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының актерлары «Кемедегі иман» және «Ең үлкен күрес – өзіңмен күрес» атты сахналық көріністер қойды. Бұл көріністерде Аллаға тәуекел ету, теріс қылықтардан аулақ болу, дұрыс дос таңдай білу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың ролі сынды қоғамдағы басты тәрбие көзі мен мәнді дүниелер баяндалған.

Сонымен қатар Пайғамбар сүннетін өміріне темірқазық етіп өсіп келе жатқан жас жеткіншектер пайғамбарымыз жайлы поэзия мен монолог оқып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Көрме залында қағба макеті мен қасиетті Құран Кәрімнің тұпнұсқалары, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен сыр шертетін суреттер көрермен назарына қойылды.

Көпшілік көрермен қауымға мәуліттен сарқыт сыйы – Иман журналы, Мұнара газеті мен екі кітап салынған жиынтық үлестірілді.

Шара соңында Мәуліт рухани кешінің билеттерінен түскен қаражат көрермен алдында көпбалалы аналарға табысталды. Бұдан бөлек Алматы орталық мешітінің тұрақты жамағаты, тағдыр тауқыметіне тап болған жас жігітке тосын сый ретінде умра қажылығының сертификаты берілді. Дін жолында қызмет етіп жүрген Алматы қаласы имамдарының бірі, бүгінде ауыр науқасқа ұшыраған Ғалымжан Молдабаевқа көрермен атынан ақшалай мәуліт сыйы аталды. Мәуліт сыйын науқасына байланысты келе алмаған имамның ұлына табыстады.

Мәуліт мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік танытқан дін жанашыры, меценат Бахариддин Аблязимовке Бас мүфти ерекше ризашылық білдіріп, алғыс хат берді.

Мәуліт айындағы рухани шараның басты мақсаты – пайғамбарымызға салауат айту, оның асыл қасиеттерін дәріптеу, халық арасында имандылықты насихаттай отырып, тұрақтылық пен тыныштыққа үндеу болып табылады. Салауат жырлары мен пайғамбарға деген ыстық ықыласы сағыныш сезіміне ұласқан көрермен-жамағат ризашылық көңілмен қимай қоштасты.

Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.