Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбардың асыл өнегесі

0 1  076

Құранда Алланың ақырғы Елшісінің (с.ғ.с.) сипаты жайлы былай дейді:

وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ

«Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят). Міне, бұл Құранның Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ішкі мәдениетіне берген бағасы.

Көркем мінездің хадисте пайғамбарлық миссияның бір парасы ретінде  тілге тиек етілуі де бекер емес. Көркем мінез – адамзат баласының өмірінде айырықша мәнге ие құндылық, адамшылық бастауы. Қоғамдық қарым-қатынастардан бастап халықаралық қатынастарға дейінгі барлық сатылар үшін аса зәру этикалық нормалар жүйесі. Яғни, көркем мінезділік әр кімге керекті ғана дүние емес көпшіліктің игілігі үшін де ауадай қажет. Сол үшін де Құдіретті Құдай Тағала адам баласы мен жындар үшін таңдалған елшісін осылай сипаттаған.

Ал, Әнас ибн Мәлик (р.а.) жеткізген хадистердің бірінде «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім» деп баяндайды. Аталмыш хадис Расулулланың (с.ғ.с.) жеке басының мінезіне сипаттама ғана емес, Ол кісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлық миссиясының да маңызды мұратын баян ететін мәтін.

Мәуліт айының ең басты артықшылығы да сол, ол айда Ардақты Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмір өнегелері ел мешіттерінде, ақпарат құралдарында, түрлі рухани мінберлерде кеңінен насихатталып, адамдардың Құранмен мінезделуіне көбірек орай туындайды. Шындығында да, Екі дүние сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мінезі Құран құндылықтарының өлешеміне сай болған.

Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) балалармен, қоғамдық ортамен, басқа дін өкілдерімен де көркем қатынастарда болғаны мәлім. Пайғамбарлар сұлтанының (с.ғ.с.) өмірінің қай кезеңін алып қарасаңыз да, қандай ісіне үңілсеңіз де, қандай деректерін оқысаңыз да кемел мінез, көркем ахлақтың көрсеткішін табамыз. Басына түйенің қарнын аударыған, киімінен тартып жұлқылап, мойынын қызартқан, тіл тигізіп янаттаған адамдарға да көркем мінезімен үлгі болған еді. Өзіне қорлық көрсеткен кісілердің өзіне кешіріммен қарап, теріс бата бермеген, лағынет айтпаған. Мұның себебін сұрағанда:

إِنِّي لَمْ أبْعَثْ لَعَّانًا، وَإنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً

«Шынында мен лағынет айту үшін жіберілмедім, асылында мен мейірім ретінде ғана жіберілдім» деп жауап береді. Мұндай мысалдар өте көп.  Тіпті, солардың кейбірі Расулулланың (с.ғ.с.) кемел мінезінен әсерленіп, Ислам дінінің ақиқатын мойындап, мұсылман болады. Ал, бүгінде біздің мінезіміз арқылы басқа адамдар мұсылмандықты қабылдай ала ма? Міне, бұл бүгінгі таңдағы мұсылман бауырларымыздың өміріне қойылар маңызды сұрақ.

«Адам (өз) мінезін өзгертіп болмайды дегендердің басын кесер едім» дейді хакім Абай. Олай болса, әрбір мұсылман өз мінезін бақылап, басқарып отырса мінездің өзгермегі, Пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезділік сүннетін іске асырмақ аса қиын іс емес.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сара жолы болған көркем мінезбен мінездену әрбір мұсылман үшін маңызды. Мәуліт айында Ол кісінің (с.ғ.с.) өмір өнегелерін жиі еске түсіріп, ғибрат алып отыру да бұл маңызды мақсатқа қол жеткізуге өз септігін тигізген болар еді.

Сөз соңында, Айша анамыз (Ол кісіге Алла разы болсын) жеткізген Расулулланың (с.ғ.с.) тағы бір өнегесін тілге тиек етсек. Аталған хадисте баяндалуынша, Хазіреті Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) өз дұғасының ішінде:

اللَّهُمَّ كَمَا حَسَّنْتَ خَلْقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي

«Иә, Алла Тағалам! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінез-құлқымды да көркем етші!» – деп дұға етеді екен(Муслим хадистер жинағы). Міне, бұл көркем мінезділікке жету үшін жасалуға тиісті бір қадам. Өзін тәрбиелеумен қатар Алладан мінезінің көркем болуына дұға тілеу екен.

Руслан Байзақов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.