Жоғарыда да тілге тиек еткеніміздей, ақида діннің негізгі сенімін құрайды. Алла Тағала тарапынан жіберілген елшілердің уағыздау жүйесі де – алдымен бір Жаратушыға, сонан соң ақырет күні мен пайғамбарларға деген сенімнен тұрады. Осыдан-ақ, сенімнің қаншалықты маңызды екенін пайымдауға болады. Құран Кәрімдегі, әсіресе, Меккеде түскен сүрелерді зерделеп қарағанда сенімге байланысты мәселелер басым болғандығы байқалады.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде 13 жыл бойы халықты бір Аллаға иман етуге шақырды. Бұл да сенімнің маңыздылығын көрсетеді.
Адамның өмірі мен тұрмыс-жайын, өмірге көзқарасы мен әрекеттерін жүрегіндегі сенімі белгілейді. Сондықтан да шынайы, кіршікшіз бір сенімге ие болмай Алланың разылығын алатын амалдарды жасау неғайбыл нәрсеге айналады. Кәпір, мүшрік және мунафықтардың істеген амалдарының Алла құзырында ешқандай да маңызы болмайтындығының басты себебі де осында жатыр.
Пенденің бұл пәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына (сенім жүйесіне) байланысты. Ақидасы дұрыс болса, пенде құлшылығының арқасында адал ниетінің жемісін көреді. Ал, ақидасы бұрыс болса, тура жолдан ауытқуына бірден-бір себеп болады.
Адам әуелгіде иман етпестен, қанша амал, яки қайырлы іс жасағанымен ақыретте сол амал-істерінің ешқандай пайдасы болмайды. Жүрегінде иман болмаған соң амалдың не қажеті бар? Егер жүрегінде иманы болып, сол иман арқылы амал етпесе, онда ол кісі, кәпір болмайды, тек күнәһар болады. Ақыретте сол күнәлары үшін жазаланып, соңында пейішке барады.
Амалдан бұрын ақиданың маңыздылығына мына аятты келтіруге болады:
«(Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сендерге амал тұрғысынан зиянға ұшырағандарды айтайын ба? – деп айт. Олар дүние өмірінде еңбектері, амалдары зая кеткендер. Олар жақсы іс істедік деп ойлайды. Негізінде олар Алланың аяттарына әрі Раббыларына жолығуға сенбеген. Сондықтан олардың амалдары зая болады. Оларға қиямет күні еш мән бермейміз»(18. Кәһф, 103-105).
Иә, Қасиетті Құран Кәрімде: «Иннәл ләзинә әмәну уә амилус-салихат (Күмәнсіз иман еткен және ізгі амал істегендер) аятының жиі қайталанатыны белгілі. Аят мағынасы әуелі иман ету және сол иманға сай амал етудің маңыздылығын түсіндіреді. Иман негіздерін құрайтын жүйені ақида деуіміздің себебі де сондықтан.
Асылында, ақидасы өзгерген кісі Ислам діні бойынша адасқан жан ретінде саналады. Ислам тарихында адасқан мұсылмандарды көптеп кездестіруге болады. Олай болса ең алдымен ақидамызға ерекше мән бергеніміз абзал.
Адамзат тарихындағы барлық пайғамбарлардың иләһи дін жеткізудегі ортақ ұстанымдары: «Алланың бар екендігіне, бір екендігіне иман ету. Оны нұқсан сипаттардан пәк етіп, кәміл сипаттарымен таныту. Ақырет күніне, есеп беруге, жәннат, жәһәннам және осыларға байланысты ұғымдарға кіршіксіз сену». Бұл жөнінде аятта:
«(Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек; оған: «Күдіксіз Менен басқа тәңір жоқ. Онда Маған құлшылық қылыңдар» – деп қана уахи етіп жібердік»(21.Әнбия-25), – деп, бүкіл пайғамбарлардың айтқан сөздері мен насихаттары – тек адамзат пен ғаламды жаратқан Алланы тану мен Оған иман ету және құлшылық жасау қажеттігі жайында екенінен хабар береді.
Алла Тағаланың разылығын алып, жәннәтқа кіру, ақиданың шынайылығына байланысты болса, дәл сол секілді жәһәннамда мәңгі қалу да ақиданың бұзылуынан болады.
«Иман негіздері» кітабынан.
sunna.kz