12 қараша. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz –ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстан мұсылмандары басқармасының «Мир-Араб» медресесінің 500 жылдығына орай ұйымдастырған халықаралық ғылыми онлайн конференцияға қатысты, деп хабарлайды ҚМДБ Баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz сайты.
«Мир-Араб медресесінің негізі қаланғанына 500 жыл: кеше және бүгін» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда Бас мүфти арнайы баяндама жасады.
«Ислам тарихымен байланысты Бұхара қаласы бүкіл әлем мұсылмандарына мәлім, оның ежелгі және бай тарихы кім-кімді болмасын тамсандырмай қоймайды.
Бұл шаһарда көптеген материалдық мәдениет ескерткіштері, мешіттер, медреселер, кесенелер сақталған. Ислам мәдениетінің орталығында сол кездегі ең үлкен және ең қолайлы оқу орындары болған. Дәл осы медреселерден мұсылмандық дін ғылымының, поэзияның, мәдениеттің қайраткерлері шықты.
Исламның сондай ғылыми орталықтарының бірі – «Мир Араб» медресесі. Бұл бірнеше ғасырлар бойы мұсылман дін басшыларын дайындайтын бірден-бір орталық болған, аты аңызға айналған оқу орны. Атауы «арабтың меншігі» деген мағынаны білдіретін бұл оқу орны құрылған күннен бастап Мәуереннахрдағы Ислам әлемінің беделді жоғары оқу орындарының бірі ретінде танылды. Бұл медресе – Бұхараның айрықша нысандарының бірі және бүгінгі күнге дейін имамдар мен діни тәлімгерлер оқитын бірегей орда болып қала бермек» деді Бас мүфти.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Өзбекстан мүфтиі Нуриддин Холикназаровқа алғысын білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, халықаралық ғылыми онлайн конференцияға Қазақстан мен Өзбекстан мүфтилерінен бөлек, Тәжікстан, Қырғызстан мен Шешенстан мүфтилері, сондай-ақ ұйымдастырушы елдің мешіт-медресе ұстаздары қатысып, ұсыныс, ой-пікірлер талқыға түсті.