Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ төрағасы павлодарда мәуліт кешінде уағыз айтты

0 1  094

17 қараша. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Естай атындағы мәдениет сарайында өткен Мәуліт кешіне қатысып, жиналған жамағатқа уағыз айтты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

«Біз – ата-анасын қадірлеген, баласын ізгілікке тәрбиелеген жоралы жұрттың ұрпағымыз. Сананы тұрмыс билеген заманда рухани тұрғыдан кемелдену аса маңызды істің біріне айналды. Осы киелі Кереку өңірінде Мұрат ишан, Исабек ишан, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сынды ғұламаларымыз дін таратып, халықты діни, рухани тұрғыдан ағарту ісіне сүбелі үлес қосты. Сол бабаларымыздың жолын жаңғырту мақсатында біз Ихсан ілімін насихаттауды қолға алдық.

Сіздерді Мәуліт мерекесімен құттықтаймын! Дос-бауырға, ағайын-туысқа мейірімді болу – Алла елшісін жақсы көру деген сөз. Алла Тағала баршамызға мейірімін төгіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатын нәсіп етсін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти рухани кеш барысында көмекке мұқтаж отбасыларға Мәуліт сыйын табыстады. Сонымен қатар «Зекет және қайырымдылық қорының» «Ел үлесі – пәтерге» жобасымен берілген қызметтік пәтер кілтін ауыл имамына табыстады.

Айта кетсек, Мәуліт сыйын алғандар арасында көпбалалы жалғызбасты аналар, әкелер мен науқас жандар бар.

Мәуліт кешінде Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтылып, өнер өкілдері ғибратты толғау-терме орындады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.