Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақ қауымдастығымен кездесу өтті

0 660

6 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – Түркияға ресми сапармен келген ҚМДБ делегациясы Стамбұлдағы «Қазақ қауымдастығымен» кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Қожа Ахмет Ясауи қарилар орталығы жанындағы Парасат қорының басшысы Ілияс Сака қонақтарды қабылдап, Құран үйрететін орталықтың жұмысымен таныстырып өтті.

Кейін наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы бастаған делегация Стамбұлда тұратын қандастармен арнайы кездесіп, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

«Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. 16 желтоқсан Қазақстанда Тәуелсіздік күні ретінде атап өтіледі. Сіздерді егемендіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. 1990 жылы сол кездегі Орта Азия мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп, дербес мүфтилік ретінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы құрылды. Былтыр ғана біз Діни басқарманың 30 жылдығын атап өттік. Тәуелсіздік алған тұста елімізде небары 68 ғана мешіт болса, қазір оның саны 2700-ге таяды. Тарыдай шашылған қазақтың Түркияға келіп қоныстанғанына 70 жыл толыпты. Осы аралықта аталарымыз тіл мен ділді, дәстүрді ұмытпай келешек ұрпаққа жеткізді. Енді қазіргі жастар, сіздер сол аманатты арқалауға тиіссіздер. Алла сіздерге жар болғай» деді наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, қонақжайлық танытқан осы елдегі қандастарды тәуелсіздіктің мерейлі мерекесімен құттықтады.

Жиында Стамбұлдағы Бас консул Әлім Байел сөз алып, орталықта қазақ балаларының білім алуына жағдай жасап отырған жергілікті қазақтарға алғысын жеткізді. Кездесу соңында наиб мүфти елден ала келген арнайы дәмді шәкірттерге беріп, Стамбұлдағы қазақ қарияларына құрмет ретінде тақия кигізді.

Айта кетейік, аталған Құран жаттау орталығы іргетасын 1991 жылы қалаған.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.