Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қабір зияраты

0 573

Ата-ананың, туған-туыстардың қабірлерін зиярат жасау – сауабы мол амал. Бұл, әрине ер кісілерге тән.

Әйел кісілерге ол жерде сезімге беріліп, дауыс көтере жылап, діннің әдебіне қайшы істер істемеу шартымен оларға да рұқсат бар.

Алла Елшісі  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) алғашқы уақытта, діни сенім адамдарда толық қалыптасып, дінге қайшы әдеттерден тазарғанға дейін қабірлерді зиярат етуге тыйым салған.

Сонымен қатар ол кездері мазар жерлері таза болмағандықтан, Құран тек таза жерде оқылуы керектігін алға тарта отырып, мазарларда оқылмайды делінген. Алайда қазіргі таңда мазарлар мен қабірлердің айналасы таза, тіпті кейбір жерлерін зияратшыларға Құран оқуына ыңғайлы етіп те қойған.

Шариғатта мазарда Құран оқу жайлы нақты үкім айтылмаған. Сондықтан ол жерлерде Құран оқудың оқасы жоқ.

Тақуа кісілердің кейбіреулерінің қабірді зиярат еткенде «Ясин», «Мүлік», «Ықылас» сүрелерін оқығандығы мәлім.

Пайғамбарымыздың  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) қабірлерді зиярат жасағандығы жайында хадис кітаптарында мәліметтер жеткілікті. Ол  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) зиярат жасағанда қабірдегілерге:

«Ассаламун алайкум, әй, қабір халқы! Алла сіздерге де біздерге де кешірім етсін. Сіздер біздің алдымызда болғансыңдар, біз де сіздердің арттарыңыздан келеміз», – деп сәлем беріп, үн қататын.

Осман ибн Аффан (р.а.):

«Пайғамбарымыз  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мәйітті жерлеп болған соң қабір басында тұрып: «Бауырларың үшін Алладан кешірім тілеп, (Мүнкәр-Нәкір періштелерінің алдында) иманына берік болуын сұраңдар. Өйткені, ол дәл қазір сұраққа тартылып жатыр», – деп айтатын еді» (Әбу Дәуіт, Жәнәйз 69) деген.

Тағы бір хадисте қабір зияратын Ибн Масғуд былай деп түсіндіреді: «Пайғамбарымыз  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жерге қолындағы таяқшасымен төрт бұрышқа ұқсас етіп сызды. Сосын оның ортасына бір ұзын сызық, бұл ұзын сызықтың сыртына тағы бір сызық сызды. Сосын бұл үлкен сызықтың жанына да бірнеше сызықтар сызды. Алла елшісі  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бұл сызғандарын былай деп түсіндірді: «Мынау сызық – адам. Бұның төңірегіндегі төрт бұрышты сызық – оның ажалы. Ал мына сыртындағы сызықтар – адамның армандары. Бұл арман сызығын кесіп өткен кішкентай сызықтар – оның қиыншылықтары. Адамға бұл қиыншылық оқтарының бірі тимесе бірі тиеді. Бұл да тимесе ажал оғы тиеді».

Пайғамбарымыз  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) осылайша сахабаларға өлімді, ажалды естеріне түсірген кезде, сахабалардың көзінен жас парлап ақты. Қабір пендені не бақытқа немесе мәңгілік азапқа апарар жер.

Бүрәйда (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Енді зиярат етулеріңе болады» – деп айтты» (Мүслим, Жәнәйз 106) десе, ендігі бір хадисте «Кімде-кім қабірлерді зиярат етуді қаласа, зиярат етсін. Өйткені қабір пәни дүниені ұмыттырып, ақыретті есімізге салады» ( Тирмизи, Жәнәйз 60; Әбу Дәуіт, Жәнәйз 77 ) делінген.

Олай болса қабір зияратының басты мақсаты – бұл дүниенің пәни, ақыреттің мәңгілік мекен екендігін ойланып, соған қарай амал ету.

Өкінішке орай қазіргі таңда адамдардың көпшілігі қабірге, тіпті өлім болған үйге барса да, өз ақыретін еске алмауда. Өте аз адамдар ғана ғибратпен қарап, ойланып, өз-өзіне есеп беруде.

 «Үміт сәулесі» кітабынан.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.