Алланы жақсы көрген адамның Оның Елшісін (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сүймеуі әсте мүмкін емес. Хазірет Пайғамбарды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) еске алғанда, көз алдымызға тек қана мейірім мен сүйіспеншілік келеді. Ол бүкіл адамзатқа мейірімділік пен рақым алып келді. Достары түгілі дұшпандары да одан тек қана жақсылық пен ізгілік көрді.
Реті келгенде еске сала кетейік, Мекке азат етілгенге дейін дін дұшпандарының Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) көрсетпеген қорлығы қалмады. Олар өздерін зұлымдықтан құтқару үшін мейірім ретінде жіберілген пайғамбарға қарсылық (бойкот) жариялап, үш жыл бойы мұсылмандарды шөл ортасында тастап, олармен ешқандай байланыс құрмады, сауда-саттық жасамай, жақындарына да көмек көрсетуге тыйым салды.
Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) ерген мұсылмандар ағаштың қабығы мен жәндікті қорек етіп күнелтті. Бұл кезде біраз адам аштықтан өлген еді. Бұл да жетпегендей мүшіріктер оны туған жерінен қуып шығып, ол жерде де түрлі зымияндықтарымен үнемі қорқытумен болды. Оның үстіне Бәдір, Ұхұт және Хандак сияқты ірі шайқастарда Пайғамбарымыз бен Оған ерген серіктерін жер бетінен жойып жіберу үшін бүкіл күш-жігерін жұмсады.
Әрі «Хұдайбия» сияқты шарттары ауыр болған келіссөзге қол қоюға мәжбүрледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Меккені алған кезде бұл жасалған дұшпандықтардың бәріне көз жұма қарап: «бүгін барлығың азатсыңдар, ешкім де жауапқа тартылмайды» деді.
Өзіне қарсы істелген қастандықтың бәріне Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Алла, бұлар менің пайғамбар екенімді білмейді ғой. Егер білсе бұлай жасамас еді. Оларды кешіре гөр», – деп дұға етті.
Хаббар ибн Әсуад мұсылмандарға әрдайым жапа шектіріп, қолынан келген зұлымдығын істеп баққан, бірнеше мұсылманның жанын қиған, пайғамбардың қас дұшпаны еді. Бұл дұшпандығымен де шектеліп қалмай һижрет кезінде екі жаһан сардарының қызы Зейнепті атынан аударып құлатады. Осының нәтижесінде аяғы ауыр Зейнеп түсік тастайды. Біраз уақыт өткеннен кейін бұл кеселден өзі де қайтыс болады. Кейіннен Мекке алынған кезде Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) кешірім сұрап жалбарынған Хаббарға рақым пайғамбары кешірім жасайды.
Осылайша, кезіндегі азулы дұшпандары пайғамбар бойындағы көркем мінез бен мейірімділік, әділдік пен адалдықты көргенде жүректері жібіп, Оның ең жақын серіктеріне айналады.
Бір кездері исламның ата жауы болған Амр ибн Ас та, басқа сахабалар сияқты кезінде өз қолымен өлтіруге жанын салған хазірет Мұхаммедті кейіннен өз жанынан да артық көрген болатын. Ақтық демі бітер сәтте Амр ибн Ас: «Алғашында кәпір едім… Алланың Елшісіне (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) ең қатыгез болғандардың бірі болатынмын. Егер сол кезде өлген болсам жаһаннамның шыңырау түбіне кетер едім. Кейін Алла елшісіне серт беріп, Оның Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) екенін қабылдадым. Адамдардың арасында Алла расулындай ешкімді жақсы көрген емеспін. Егер маған Оны сипаттап бер десе, оған шамам келмес еді. Өйткені, Пайғамбарымызды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сыйлап, құрметтегенім соншалықты, жүзіне тура қарай алмайтынмын… Егер сол кезде өлген болсам, міндетті түрде жаннатқа кірермін деп үміт етер едім…», – деген-ді.
«Кемелдік кілті» кітабынан
sunna.kz