Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұлт тарихының жоқшысы

0 193

Міржақып Дулатұлы көрнекті қазақ көсемсөзшісі, ұлт журналистикасының теоретигі. Сол арқылы ол артына өлшеусіз мұра қалдырды. Оның кезінде «Қазақ» газетінде жарық көрген танымдық материалдары, сөз жоқ, қазақ халқының өткенін бағамдайтын, еске салатын, ескермейтін дүниелер еді. Міржақып – көсемсөзшілік талантының арқасында Ахмет ұйымдастырған «Қазақ» газетінің беттерінде туған халқына көп қызмет атқарып үлгерді.

Ахмет бастамасымен Міржақып «Қазақ» газеті редакциясы жанынан «Азамат» атты әдеби-баспагерлік серіктік құрды. Міржақыптың ойынша «Қазақ» газеті қазақ жастарын тәрбиелейтін мектеп болуға тиіс еді. Сол үшін ол газет беттерінде қазақ және басқа халықтардың көрнекті азаматтарының әдеби және тарихи бейнелерін жариялап отырды.

Ұлы адамдардың ғұмырнамасын жасаудағы мақсатын Міржақып: «Әркім өзі шыққан төбесі биік болғанын тілейді» дегендей, мәдени жұрттар өздерінің бас адамын көркейтіп, басқа халықтарға таныту үшін һәм өздері мәңгіге ұмытпас үшін дәрежесін көтереді» деп түсіндіреді. Халықтың рухын көтерудің, жастарды елжандылыққа балудың тура жолы осы деп білді. Міржақып осындай мақсаттар негізінде қазақ әдебиетінде алғаш рет Ахмет Иассауидан бастап, Ахмет Байтұрсынұлына дейінгі көрнекті тұлғалардың әдеби және тарихи бейнелерін жасады.

Қожа Ахмет Иассауи мұсылман тарихы мен түрік әлемінде белгілі із қалдырған, софылық ілім мен софылық поэзияны қазақ топырағына тұңғыш әкелген тұлға еді. ХІІ ғасырдағы А.Иассауидің шығармашылығына көптеген шығыстанушылар назар аударды, тіпті ол туралы 1918 жылы алғаш рет туркиялық ғалым Фуада Көпірлі Заде кітап та басып шығарды.

Шығыстың көрнекті ақыны жөнінде қазақта бірінші рет қалам тартқан адам Ш. Уәлиханов. Дегенмен де Қожа Ахмет Иассаудің күллі ерекшеліктерін, оның құрметіне Ұлы Әмір Темірдің мешіт салдырғаны жайлы Міржақып кең көлемде жазып, 1913 жылы «Қазақ» газетінде ол туралы «Әзірет Сұлтан» деген мақала жариялады. Мұндағы мақсаты – Қожа Ахмет Иассаудің исі қазақтың мақтанышы екенін дәлелдеу, оның өмірі қазақтар үшін ұлы адамгершілік идеяларымен пайғамбарлық деңгейге көтерілгенін көрсету және кемел білімін келешектің игілігіне жұмсау еді.

Хан Абылай жайлы толғағанда да Міржақыптың негізгі ойы, халық жүрегінен биік орын алған айбарлы да абыройлы тұлғаның жарқын істерін үлгі ету арқылы жастардың рухын түлету еді.

Сондықтанда ол мақаласында әйгілі қазақ ханы әрі жаужүрек баһадүрін XVII ғасырдағы қазақ мемлекетін басқарған, көрегендік саясаты негізінде Ресей және Қытай империясының арасында бейбіт келісім жасап, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс берген тұлғаның тарихи келбетін емес, аңызға айналған қолбасының, ержүрек ғажайып қасиетті жанның образын сомдады. Мақаладан үзінді келтірсек: «Қазақтың қайратына көзі жетіп, топтан бөлініп, оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап ту қылып, қалмақтың қамалына «Абылай! Абылай!» деп ұран шақырып, жалғыз өзі кірген де кеткен. Бақыт жұлдызы жанайын деп тұрған шағы! Атқан оқ, шапқан қылыштан Алла сақтап, кірген жерін есік, шыққан жерін тесік қылып, қалмақтың қамалын бұзып, жылқыны дүркіретіп қуа бастағанда, қазақтың батырлары да қайраттанып, қоса шауып, қалмақты қызыл ала қан қылып, шаш етектен олжаға баиып қайтады».

Ал, осы жолдан не байқауға болады? Қашаннан ауыз әдебиетімен ауызданып, хатқа түскенге емес, жүрегінде жатталған аңыз-әбсанаға жақын қазақ халқының тілімен сөйлеген Міржақып, қалай да жұртты өзіне тарта білген, соның жолын іздеген.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов деген тақырыппен 1914 жылы «Қазақ» шазетінде бір топ мақалалар жариялаған Міржақып, қазақ әдебиетінде алғаш рет ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші болды. Оның Шоқанды түбегейлі зерттеп, таңдап алуының өзі кездейсоқтық емес.

Бұл зерттеулерінде Міржақып өзегі өртене тұрып былай деп жазады: «Шоқанның кім екенін көп қазақтың білмеу себебі – оның опатына биыл 49 жыл өтті. Қазақ қылышынан қан тамған батыр немесе бай болмаса ғалым жолында еңбек сіңірушілерді тез ұмытқыш келеді. Бірақ заман өткен сайын халықтың көзі ашылып, әдебиеті гүлдене бастаған кезде, естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзін қайта тірілтіп, кім екендігін білдірмей қоймайды. Міне, қазақ үшін сол дәуір елу жыл дегенде туып отыр».

Міржақып алғаш рет қазақ әдебиеті тарихында Шоқанның өз ұлтының адал перзенті екенін, өз халқы мен жерін зерттеудегі елеулі еңбегі жайында айтты. «Шоқанның бар талабы ғылымға ұмтылу, қазақ халқына пайда келтіру, қазақ халқының тұрмысын, рәсімін, тарихын анықтау жолында болған» деп жазды.

Мариям Айтанқызы

№2 Қоянды орта мектебінің

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Филолгия ғылымдарының магистрі

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.