Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қазақ мәдениетіндегі ислам құндылықтарының мәдени-әлеуметтік құрылымы(3)

0 772

Әбу Жәғфар әт-Тахауи (853-933) өзінің әйгілі «Тахауия ақидасында» былай дейді: «Алла тағала шектеуліліктен, ұстындардан, ағзалар мен құралдардан пәк. Оны кейіннен жаратылғандар тәрізді алты тарапты (оң, сол, алдыңғы, артқы, жоғарғы, төменгі жақтар) қамтымайды [72, 88 б.]» деп Алла Тағаланы бір заттың оң, сол, алдыңғы, артқы, жоғарғы, төменгі жағында орналасқан деп шектеп немесе салыстыруға болмайтынын айтқан.

Абай өлеңнің екінші жолында Алланы көксеу туралы айтады. Көксеудің мағынасы махаббат, ғашықтық, сүю. Мекен берген, халық қылған, жаратқан Иеңді сүйіп, барша әрекетіңді сол үшін атқармай, “Және оған қайтпақсың оны ойламай”, – дейді. Ойлау – Алланы еске алып, зікір ету. Мұнсыз “Өзге мақсат ақылға тола ма екен”, – деп, Абай атамыз өзіне дейіңгі өмір сүрген ислам ғалымдарының жолын ұстанғанын бізге байқатады.

Ислам ғылымдарының ең бір қиын да, күрделі саласы кәләм, ақидаға жататын мәселені Хәкім Абайдың өлеңге қосып жырлауы, сол кезеңдегі қазақ халқының діни сауаттылығының едәуір жоғары дәрежеде болғанына дәлел етеді.

Мұның қазақ халқы ислам дініндегі тұрмыстық қағидаттарды ұстану ғана емес, ақидадағы күрделі мәселелерді дұрыс түсіну талабынан туындағаны анықталады. Абай адам баласының бұл фанидегі орны, тіршілік мәні мен мақсаты туралы пәлсапалық түсініктерін, ойларын «Ғаклияда» жан-жақты дамытты.

Өмір, дүние-тіршілік, қоғам мен адам, адам мен билік, адам мен Алла арасындағы қарым-қатынастар, Жаратушы заңдары туралы ғұламаның пікірі, тұжырымдары ақиқатқа негізделгендіктен, әркез қажет тұжырымдар болып қала бермек деген ойдамыз.

Осындай философиялық мәні тереңге бойлаған қариялардың бата мәтіне үңілсек:

«Әуелі Құдай жарылқасын,

Пайғамбардың берекесін берсін.

Әбу бәкір Сыдықтың салауатын берсін.

Әділ Омардың айбатын берсін,

Әзіреті Оспанның ұятын берсін,

Әзіретін Әлінің қуатын берсін,

Ибраhим пайғамбардың малын берсін,

Әкім Ұлықманның жасын берсін,

Әкім Сүлейменнің тақытын берсін,

Ескендір Зұлқарнайынның бақытын берсін,

Атымтай жомарттың даңқын берсін,

Дәуіт пайғамбардай отыз ұл берсін» [40, 169 б.], – деген халық дүниетанымының мағыналы сөз өрнегі, тілегінің көрінісі іспетті. Осы батада аты аталған адамдар ислам тарихынан өте маңызды орын алады.

Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабалары Әбу бәкірдің (р.а.) өте шыншыл болғандығынан қаумы оны «Сыддық» яғни, аса шыншыл, Омардың (р.а.) тайсалмай ақиқаттан зәлімдікті ажыратқандығы үшін «айбатты» деп атағанын, Оспаннан (р.а.) періштелердің өздері ұялатын болғандығын, Әліге (р.а.) Алла ерекше күш-қуат бергені ислам тарихынан мәлім. Ал Ұлықманның пайғамбар емес, көп жасаған хакім болғанын ислам тарихын көп зертеген адам ғана білетінін атап өту

қажет.

Демек, қазақ халқы ислам мәдениетінен құнды орын алатын мәліметтерді бата арқылы ауызекі насихаттап отырғаны байқалады.

Қазақ әдебиетінің, исламданған мәдениеттің көрнекті өкілі Бұхар жырау шығармашылығына келер болсақ:

Ей, айтшы, Алланы айт,

Аты жақсы Құдайды айт.

Төрт шарияр Мұстафа,

Мұсқап ашқан ғаламды айт.

Тәңірім сөзі бұрқанды айт,

Кәләм Алла Құранды айт.

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт, [73, 10 б.].

Немесе,

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа…

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Біреуі қаза болмасқа [73, 11 б.] дей келе, «Құдайды білмес бейнамаз» [73, 12 б.], «Сабаны әкел ордаға, Құран оқыт молдаға» [73, 13 б], «Таңертең азан шақырған дауысы сұлу молланы айт» [73, 14 б.], «Қарсы болма Аллаға» [73, 15 б.] деген толғауларындағы сөз тіркестері жыраудың имандылығын, кемел ғалымдығын, сонымен қатар, қазақ ақын-жыраулар шығармашылығының шариғатқа деген ерекше құрметін танытады.

Айта кететін бір жәйт, Бұқар жыраудың шариғаттан терең білімі барлығын байқауға болады. Мысалы: «Мұстафа» деген Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) бір лақаб аты. Мағынасы «таңдаулы» дегенді білдіреді. «Шарияр» парсы тіліндегі «чор-иор» торт дос деген сөз тіркесінен алынған. Яғни Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) төрт досы, мұсылмандардың төрт әділ халифалары Әбу Бәкір, Омар, Оспан, Әлиді (р.а.) меңзеген.

Мұсылмандар үшін бұл төртеуін құрмет тұту имандылықтың кемелдігі болып саналады. Сондай-ақ, «Мұсқап» және «Бұрқан» сөздерінің мағынасы Алланың сөзі «Құран»-ның қосымша атаулары екенін шариғаттан терең білімі бар адамға ғана мәлім деп білемін.

Сол заманда Шал ақын:

Жігіттер, ғибадат қыл, маған нансаң,

Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң,

Жарлығы екі болмас хақ Құдайым,

Жанында серігі жоқ тақ Құдайым,

Жанымды алсаң, Құдая, иманмен ал,

Шайтанның қазасынан қақ, Құдайым… [74, 408 б.],

Немесе,

Мекке менен Медине – жолдың ұшы,

Иман таба алар ма барған кісі?

Ата-ананы, мейманды құрметтесең,

Меккеңнен де нұрлы ғой үйдің іші [74, 409 б.] – деп, бес тірекке негізделген Ислам дінінің құндылықтарынан сыр шертеді.

Ислам діні құндылықтарының басты идеялары Қабан жыраудың (Қабылиса) шығармаларында айқын көрініс береді.

Бақыт, қайда барасың?

Шариғат сөзін тыңдаған,

О дүниені ойлаған,

Аллалы үйге барамын…

Үйінде тұрған Құраны,

Расулалла ұраны

Тәртіпті үйге барамын…» [74, 148 б.] немесе

Әй, мұсылмандар, жараңдар,

Малыңнан зекет беріңіз.

Бірлігін Хақтың біліңіз,

Хақ жолымен жүріңіз,

Пәк болады дініңіз.

Сондай-ақ, Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) өз кезегінде:

Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң,

Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,

Түбінде сөз сенікі өлмей қалсаң.

Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,

Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ,

Жігіттер, жас кезінде тәубаға кел,

Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ [74, 163 б.],

деген өнегелі жыршумақтары Исламға терең талдау жасайды. Терме жолындағы «Тәубеге кел» сөзі Кеңес Одағы кезінде дәстүрлі әншілер уысында «ойна да күл» боп өзгертілгендігі бәрімізге мәлім.

Дулат Бабатайұлы: адамның іс-әрекеті, мінезі туралы:

Әуелі Алла айталық,

Ағузы билляһи әліпті,

Қайыр беріп сыйлаңыз,

Мүсәпір мен кәріпті.

Кәріпке қайыр берсеңіз,

Ақыреттің дәулеті,

Қараңғы емес, жарықты,

Құдай білер деген сөз [74, 168 б.], – деген өлең жолдары өнеге мен иманжүзділікке толы.

Адамы бұ заманның арамтамақ,

Көңілі қара, аузы ала, ерні жалақ.

Дін ісіне шамшыл аттай шегіндейді,

Дау десе жауыр атын кетер сабап.

Қалмады жұрт ішінде ұят-әдеп,

Құдайға онша қылмайды құлдық, тағат [74, 170 б.], – деген жыр шумақтарының авторы Ақмолла Мұхамедиярұлы 1831-1895 жылдары өмір сүрген.

Ақын өлеңдерінде рушылдық, бектік, көрсеқызарлық, жалқаулық сыналып, ғылымға бетбұрыс, имандылық, әдептілік насихатталған.

«Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары»атты кітаптан алынды

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.