Назарларыңызға Абай баласы Әубәкір ақынның өлең шумақтарынан үзінділер ұсынамыз.
Жүрекке қоса бітсе ғылым, айла,
Білгенге одан басқа бар ма пайда.
Атымды айқын тарихта қалдыра алмай,
Кеттім-ау жас балаша қоңыр жайда.
Көп топтан оқшау озып жеке-дара,
Ойнайтын қайран қуат, жиын тойда.
Артында із қалмайтын, жұрт білмейтін,
Босқа жүр талай мырза сеніп бойға.
***** *****
Асты лай, мөп-мөлдір-ақ беті тұнық,
Мүләйім кісі сынды көзге сынық.
Еткен ісін абайлап байқап жүрсең,
Не түрлі табылады пәлші қылық.
***** *****
Ішінде қымың да бар, жымың да бар,
Бұрыннан би болмаған сұмың да бар.
Тартылсаң анық әділ таразыға,
Балтаменен шабатын мінің де бар.
***** *****
Көзіме жас келеді өткенді ойлап,
Дүние қызығына бар ма тоймақ.
Мал сойып, ауыл басы қымыз ішіп,
Ән салып жүруші едік күліп-ойнап.
***** *****
Табалмай бұған айла, ақыл, талап,
Бұл істен алып шығар арашалап.
Сасқан соң, жаратушы жәрдемшіге,
Жалынышты мүлгиді көзбен қарап…