Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен «Рамазан айына дайындық» тақырыбындағы брифингке қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Брифингте Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен құттықтап, қасиетті айда мешіттерде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті.
«Алла қаласа, Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. 2 мамыр – Ораза айт күні. Биыл ораза 30 күнге созылады. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Рамазан – тәрбие мен тағылымайы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай!» деді ҚМДБ Төрағасы.