Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Рамазан айы құтты болсын!

0 670

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке, мықты денсаулық тілеймін!

Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінге қалдыруына болады. Бұған шариғатымыз рұқсат береді.

Біз талай сындарлы сәттерді бастан кешіп келе жатқан халықпыз. Иманымыз бен бірлігіміздің арқасында қиындықты еңсеріп, өсіп-өнген елміз. Аллаға шүкір, елдігімізді көрсетіп, кешегі «қасіретті қаңтар» оқиғасын еңсердік. Екі жылға созылған пандемиялық жағдай кезінде де бірлігімізді көрсеттік. 

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде қиындықпен бірге жеңілдік бар» («Шарх» сүресі, 6-аят) дейді. Міне, бүгінде қасиетті Рамазан айында жамағатпен ауыз ашып, көпшілікпен бірге құлшылық жасауға мүмкіндік алдық. Осы күнге жеткізген және осындай ұлы мүмкіндікті нәсіп еткен Жаратушы Жаббар Иемізге сансыз шүкірлер айтамыз. 

Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірім сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Өйткені, қасиетті айда мұсылманға көп жақсылық пен мүмкіндіктер беріледі. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деген сүйінші хабар жеткізген.

Ендеше, берекелі айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық, ағайын. Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық. 

Осы ретте кәсіпкер азаматтарды қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген.

Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық.Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай. Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.