Иғтиқаф деген не?
Иғтиқаф – бір жерде тұру, күту, өзін бір жерге қамау деген сөз.
Фиқһ терминінде – бір мешітте немесе соған ұқсас бір жерде иғтиқафқа ниет етіп, белгілі бір мезгіл сол жерде қалу.
Шариғаттағы үкімі уәжіп, мүәккад сүннет және мұстахап түрінде үшке бөлінеді. Аталған (иғтиқафқа кіремін деп сөз байланған) иғтиқаф – уәжіп, Рамазанның соңғы он күніндегі иғтиқаф – кифая жолымен мүәккад сүннет. Басқа бір уақытта ғибадат ниетімен бір мешітте бір мезгіл иғтиқафта болу – мұстахап.
Иғтиқафтың дәлелі
Құран мен сүннетте бар: Құранда: «Сендер мешіттерде иғтиқафта болғанда…(Бақара, 187). «Менің үйімді (Қағбаны) тауап етушілер, ғибадатқа отырушылар, және рүкүғ, сәжде етушілер үшін тап-таза ұстаңдар» (Бақара, 125) делінген. Бұл екі аятта да иғтиқаф ғибадаттарына тиісті мешіттерді көрсеткен.
Айша, ибн Омар, Әнестің (р.а.) риуаяттарында былай дейді: «Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Мәдинаға келгеннен кейін көз жұмғанға дейін Рамазанның ақырғы он күнін иғтиқафпен өткізетін.
Иғтиқафтың мақсаты – адамның оңаша қалып шынайы ықыласпен Аллаға бет бұру, оған жақындауға тырысуы. Мұның ең аз мерзімі – бір күн.
Иғтиқафтың шарттары
1. Мұсылман, ақылы түзу, таза болуы керек.
2. Хайыз, нифастағы әйелдің иғтиқаф жасауы дұрыс емес. Ғұсылы жоқ адам да сыртқа шығып тазаланып келуі керек.
3. Иғтиқафқа ниет ету керек.
4. Иғтиқаф мешітте немесе соған ұқсас жерде болуы керек. Жамағатпен намаз оқылатын мешітте болады.
Абдулла ибн Масғут (р.а.) былай дейді «Иғтиқаф – жамағатпен намаз оқылатын жерде ғана жасалады».
Әйелдер болса өз үйлерінің бір бөлмесін мешіт етіп, сол жерде жасай алады. Дегенмен, оларға мешітте жасауға да болады.
5. Уәжіп иғтиқафқа кірген адамның аузы берік болуы керек. Қателесіп аузын ашуы – иғтиқафқа кері әсер етпейді. Сүннет иғтиқафта ораза шарт емес. Әйел ерінен рұқсат алуы керек.
«Ислам ғылымхалі» кітабынан.
Sunna.kz