Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елорда іргесіндегі Қараөткел елдімекенінде тұратын көпбалалы отбасының үйінде арнайы қонақ болды.
Қасиетті Рамазан айының жиырмасыншы ауызашарын 6 қыз, 2 ұл өсіріп отырған Досболат Амангелдінің шаңырағында өткізген Бас мүфти балаларға сый жасап, сынаққа тап болған отбасыға көмек берді.
«Алла Тағала сынақты әр пендеге көтере алатын деңгейде ғана береді және әрбір қиындықтың соңынан жеңілдігін, ауруға шипасын нәсіп етеді. Кішкентай Диананың көзі қалпына келіп, қатарына тез қосыларына сенеміз, бір Алладан сырқатына шипа тілейміз. Сабыр етіп, Жаббар Иемізден үміт үзбеуге шақырамын. Сәтін салып, сырқатынан айығып кетуіне тілектеспін. Бүгінгі ауызашарларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Үйлеріңізге тек игі жақсылар қонақ болып, дастарқандарыңыздан дәм үзілмесін» деп Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақжарма тілегін жеткізді.
Айта кетейік, жуырда ғана әлеуметтік желілерде бір көзін зақымдап алған 9 жасар Диананың бейнеүндеуі тарады. Үйінде бауырларымен ойнап жүріп, есіктің тұтқасына көзін соғып, қатты зақымдап алған Дианаға Түркия мемлекетінде ота жасаудың сәті түсіп тұр. Осыған орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен Диана Досболатқызының еміне 1 миллион теңге көмек берді.
Алла Тағала кішкентай Диананың дертіне шипа беріп, тезірек сауығып кетуін нәсіп етсін!