Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №59 референдум учаскесіне барып дауыс беріп, таңдау жасады.
«Бүгін осы елдің азаматы ретінде Әділетті, Жаңа Қазақстан құру жолында жасалып жатқан игі бастамаларды қолдап, референдумға қатысып, өз таңдауымды жасадым.
Біз ел болашағын жарқын ету жолындағы тарихи қадамдарды қолдаймыз және халықты бірлік пен ынтымаққа үндейміз.
Бүгінгі референдум жоралы жұртымыздың бірлігі мен берекесі үшін оң серпін береді деген сенімдемін.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, тәуелсіздігімізді баянды еткей. Әмин!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.