«Арапа» сөзін араб тілінен аударғандағы тілдік мағынасы «білу», «түсіну» деген мәндерді білдіреді (арабтың «ға-ра-фа» делінген етістіктен туындайды). Ал, шариғаттағы «Арапа күні» айтізбедегі зұлхижжа айының 9-күнін меңзейді.
Бұл күннің «Арапа күні» аталуына да жоғарыдағы тілдік мағынаның қатысы бар болса керек. Олай дейтініміз, тарихта Ыбырайым пайғамбар(оған Алланың сәлемі болсын) ұлы Ысмайлды Алла үшін құрбанға шалу жайындағы ишара түсті зұлхижжа айының сегізі күні көрген екен. Бастабында көрген түсін жәй түсінің аян екенін түсінбейді. Ертесі тағы сол түсті көреді де, түстің жай емес екенін, Алланың аяны екенін аңғарады. Міне, осыдан кейін барып, аталмыш айдың 9-күні «арапа» деп аталды деген пікір бар.
Әңгіме бұл күннің тарихында емес, мәні мен маңызында.
Мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Арапа күнін құрметтеңдер. Өйткені, арапа – Алла қадірлі еткен күн», – деп өсиет етеді. Демек, арапа күні жай өтті-кетті дейтін елеусіз күндердің бірі емес.
Бұған қатысты әзірет Әли (Ол кісіге Алла разы болсын!): «Алла Тағала дәл арапа күніндегідей еш уақытта көп адамды тозақ отынан азат етпейді», – деп жеткізген. Ендеше, бұндай күнді ықыласпен, құлшылықпен, тәубемен өткізіп, Алладан көбірек дұға тілеп, кешірім сұрап, тәубе етудің мәні айырықша.
Ал, арапа күнінің оразасының дініміздегі үкімі – сүннет. Өйткені, Алланың ақырғы Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зұлхижжаның тоғызыншы, яғни арапа күні ораза ұстап, сахабаларын да ораза тұтуға үндеген.
Мәтіні Имам Мүслімнен жеткен хадистердің бірінде Алланың ақырғы Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арапа күнінің оразасы турасында былай дейді:
صِيَامُ يَوْمِ عَرَفَةَ إِنِّي أَحْتَسِبُ عَلَى اللَّهِ أَنْ يُكَفِّرَ السَّنَةَ الَّتِي قَبْلَهُ وَالسَّنَةَ الَّتِي بَعْدَهُ
«Арапа күнгі ораза арқылы Алла Тағаланың өткен және келер жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін» (имам Муслим). Олай болса, бұл күнді оразамен өткізген абзал.
Байхақида жеткен хадистің бірінде Расулулла (с.ғ.с) «Дұғалардың ең жақсысы да – арапа күні жасалған дұға» екенін айтады. Олай болса, арапа күні барынша ықыласпен, шама бар көбірек дұға жасаған жөн. Өзімізбен қатар, ағайын-туысқа, көрші-қолаңға, еліміз бен халқымызға, қастерлі Отанымызға да мөл жақсылық, бақ-береке, тыныштық пен игілік тілеп, шын ниетпен дұға жасаған абзал.
Руслан Байзақов
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы