Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мәшһүр Жүсіп мешітінің ашылды

0 535

қасиетті жұма күнінде Ақмола облысы Целиноград ауданының Қызылсуат ауылында Мәшһүр Жүсіп мешітінің ашылу рәсімі өтті.

Игі іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, ізгі тілегін білдірді.

«Қызылсуат ауылына айрықша көрік беріп тұрған жаңа мешітіміздің ашылу жиынына қош келдіңіздер! Құтханамыз құтты болсын! Мешіт – Алланың жердегі үйі. Адамзат баласының рухани тұрғыдан дамуы мен пенденің тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялатуда мешіттің орны қашан да маңызды. Қазақ топырағында бой көтерген мешіттердің тәлім мен тағылымның, білім мен ғылымның рухани ордасына айналғаны осының айғағы. Бұл өмірге келген әрбір пенде өшпес мұра қалдырып кетсем деп армандайды. Сол өшпес мұраның бірі жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Осы құлшылық ордасының құрылысын қолға алған дініміздің жанашыр азаматтарына, Алла үйінің бойкөтеруіне тілеулестік білдірген жамағатқа Алла разы болсын!» деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти құттықтау сөзінде еліміз бойынша салынып жатқан мешіттерге Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды тұлғалар есімі беріліп жатқанын, бұл шешім өскелең ұрпақ үшін мәңгі өнеге болатынын жеткізді.

Ашылу рәсімінде Мәшһүр Жүсіп ұрпақтары мен ғалымдар ізгі тілектерін білдіріп, құттықтау лебізін білдірді. ҚМДБ Төрағасы жаңа мешітте жұма уағызын айтып, еліміздің игілігі мен халқымыздың берекесін тілеп, дұға жасады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.