Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жұтамайтын байлық

0 859

Алла Тағала Құран Кәрімде:

‎قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ إِنَّمَا يَتَذَكَّرُ أُولُواْ الْأَلْبَاب

«Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» деген аят бар(«Зумар» сүресі, 9-аят).

Ал, «Мужәдәлә» сүресі,11-аятында:

يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آَمَنُوا مِنْكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ

«Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады…» деген.

Білімнің артықшылығын баян етілген аяттардың адам баласы үшін айтары мол-ақ.
Жалпы, Ислам діні – білімнің діні. Асыл дінімізде:
-білімдінің дәрежесі жоғары тұрады;
-білімсіз бірлеме айтуға, үйретуге тыйым салады;
-білмегенді сұрап үйренуге ынталандырады;
-білімсіздіктен қайтарады;
-білімді адам ұстаздық, имамдық, басшылыққа лайық саналады;
-білімсіз бір іске шешім шығаруға, пәтуа айтуға қатаң қарсы тұрады;
-жасқа, жынысқа, ұлтқа, ұлысқа, мекенге қарамай білім алуды міндеттейді.

Білімге деген осынша құрметі бар діннің ұстанушылары болған бабаларымыз да білімді қадыр тұтып, биік бағалаған. «Білім – бақтың таусылмайтын қазығы, білімсіз бақ – әлде кімнің азығы», «Білімдінің – беті жарық, білімсіздің беті – көн шарық», «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғарып», «Алтын алма, білім ал» деген мақалдарымыздан біздің халықтың білімге деген бағасын байқауға болады.

Тарихымызға үңілсек, арысын айтсақ Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз, берісін айтсақ кешегі Мәшһүр Жүсіп атамыз сынды ғұламаларымыз білім алу үшін айшылық жол басып, ғылым үйреніп, халыққа шам-шырақ болған.

Ал, бүгінде білім алудың мүмкіндіктері мен қайнары өте көп. Қай саладан болмасын білікті маман болуға болады. Бұл да бір бағалы нығымет екенін айта кеткім келеді.

Бүгінде кейбір бауырларымыз білімді бағаламай, жасалған мүмкіндікті босқа өткізіп, біліктілігі төмен мамандардың шығуына себеп болып жатады.
Ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсарин атамыз:
Мал дәулеттің байлығы,

Бір жұтасаң жоқ болар,

Оқымыстың байлығы,

Күннен- күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар, – деп білімнің жұтамас байлық екенін дүп басып айтқан.

Егер осы байлықты бағамдамай, қадірін кетіре берсек ұлттың, үмметтің құлдырауына алып келуі мүмкін.

Олай болса, біздерге тәуелсіздікті баянды етіп, ел болашағын жарқын қылу үшін барымызды бағамдап пайдалы ғылым игеріп, білім алуға жетер жақсылық болмаса керек.

Руслан Байзақов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.