Атырау облысы имамдарының кезекті көшпелі жиыны Индер аудандық мәдениет үйінде өтті. Жиын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Зират және зиярат әдебі» құжатына арналды. Облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Зират және зиярат әдебі» құжатының маңыздылығы жайлы айта келіп: «Зиярат кезінде дәреттің болуы маңызды. Сондай-ақ зиярат барысында аз уақыт болса да дүние тіршілігін ысырып қойып, ақыретті ойлау керек. Зиярат орындарында ақырын жүру, дауыс көтеріп сөйлемеу, дауыс көтеріп жыламау сынды қарапайым әдептер сақталғаны абзал. Қабір жұртына сәлем беру де маңызды» деді. Бұдан бөлек жиында қабір басында әдеп сақтау ережелері, садақа кезінде ысырапқа жол бермеу, садақа беруді бір ізге түсіру, шариғат шеңберін сақтаудың маңызы кеңінен насихатталды. Жиын соңында облыс имамдары, ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерінің үндеуі жарияланды. Сондай-ақ жиынға қатысқан барша имамдар «Дархан дала» жобасы аясында Индер ауданындағы тарихи орындарды зиярат етті. Атап айтқанда, Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөңкеұлының кесенесін зиярат етіп, бабалар рухына құран бағыштады. Зияраттан кейін жергілікті өлкетанушылар мен ақсақалдар қасиетті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат берді.