Жаңа оқу жылының басталуына орай Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде әйелдер дәрісханасы ашылды. Салтанатты шараға облыстың бас имамы, ұстаздар мен әйел жамағаты және БАҚ өкілдері қатысты. Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы дәрісхананың лентасын қиып, әйел жамағатын оқу жылының басталуымен құттықтады. «Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Білім алу – әрбір мұсылманға парыз. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді» («Алақ» сүресі,1-5 аяттар) дей келе, шәкірттерге ілім жолында зейіні ашылуын тіледі. Игі бастамаға мұрындық болған жандарға ризашылығын білдірді. Ресми салтанатты шара ақ дастарқан басында жалғасын тауып, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстаздары Ардақ Бағдалқызы, Айнұр Мырзабаева, Гүлмайра Тұрлыбекова және ҚМДБ Әйел-қыздар секторының өңірдегі жетекшісі Кенжегүл Кушкарова білім аясында уағыз айтты. Айта кетейік, игі бастама ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Жаңа дәрісхана заманауи интерактивті тақтамен жабдықталды. Құрылғының алуынуына дінге жанашыр жомарт жандар мен ұстаздар және әйел жамағаты үлес қосты.