Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі басталды

0 482

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі басталды. Алқалы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті.

«Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим папасы Франциск, Мысырдағы әл-Азһар университетінің шейхы, Жоғары мәртебелі имам Ахмет Тайып, Мәскеу Патриархаты Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Митрополит Волоколамский Антоний, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф т.б дін қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдаса, Сенат Төрағасы – хатшылық басшысы Мәулен Әшімбаев жиынға модераторлық жасады.

Сондай-ақ алқалы жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Ресей мұсылмандары діни басқармасының және Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Аллашүкір Пашазаде, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир қажы Ракиев, Тәжікстан Ғұламалар кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдукодирзода, Мысырдың Уақып министрі Мұхтар Жұма, Сауд Арабиясының Ислам істері, шақыру және нұсқаулық министрі Абдулатиф ибн Абдулазиз аш-Шейх т.б дін қайраткерлері қатысуда.

Айта кетейік, съезд екі күнге созылады. Алқалы жиынға арнайы келген дін қайраткерлері пленарлық және секциялық отырыстарға қатысып, сөз сөйлейді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.