Ел астанасында «Мұсылман әйелдің шариғи киім үлгісі» атты сән байқауы өтті. ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Астана өкілдігі ұйымдастырған сән байқауына 13 киім дизайнері қатысып, өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды.
Атап айтқанда, қатысушы дизайнерлер «Мектеп формасы», «Спорттық форма», «Мерекелік киім» және «Күнделікті киім» секілді аталымдар бойынша түрлі киім үлгілерін ұсынып, тігіншілік шеберліктерін паш етті. Киім үлгілерінің байқау талаптарына сай екендігін бақылап, үздігін таңдау төрелігі «Қазақ аналары-Дәстүрге жол» жобасының негізін қалаушысы, продюсер Айнұр Жүгінісова, Ұлттық нақыштағы заманауи дизайнер Гүлнара Қасым, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиеваға жүктелді. Бағалау жұмыстары барысында қазылар алқасы киімдердің ұлттық нақышта өрнектеліп, дәстүр мен шариғатқа сай тігілгеніне баса назар аударды.
Айтулы шараға Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов арнайы қатысып, құттықтауын лебізін білдірді. Әйел-қыздар секторы жұмысының жылдан-жылға жанданып келе жатқанын атап өткен Ерболат Нұрылдаұлы бүгінгі сән байқауының да мұсылман жамағаты үшін пайдасы орасан екенін айып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, осы шараға ұйытқы болған Астана өкілдігінің Әйел-қыздар секторының жетекшісі Зарина Шамидуллақызы бастаған елордалық әйел ұстаздарға өз алғысын білдірді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орын «Amirdan_kz» брендінің иесі Ұлдана Дәулетбекқызына бұйырды. «Sandu_Tolymbek» брендінің иесі Сандуғаш Алимбаева ІІ орынды иеленсе, І орынға жас дизайнер Мақпал Исмаилова лайық деп танылып, республикалық сән байқауына жолдама берілді.
Сондай-ақ, сән байқауына қатысушылардың барлығына арнайы алғыс хат пен естелік сыйлықтар берілді.