Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ғибадаттың пайдалары мен дәрежелері

0 565

Ғибадат дегеніміз – Аллаға тағзым етіп, құрмет көрсету және Оның бізге берген шексіз нығметтері үшін алғыс білдіру.ҒИБАДАТТЫҢ ДӘРЕЖЕЛЕРІ:
Ғибадат үш түрлі оймен жасалады:
1) Ғибадат пен құрметке лайық жалғыз жаратушы болғаны үшін Аллаға құлшылық ету. Ешқандай пайда күтпей, тек Алланың әмірін орындау мақсатымен жасалған мұндай ғибадат – ғибадаттың ең жоғары дәрежесі болып табылады.
2) Жәннатқа кіруді үміттеніп немесе жәһаннамнан қорқып ғибадат ету. Мұндай жолмен ғибадат ететін адам Алланың әмірін орындаған болып табылады. Бірақ, адам ғибадатта жеке басының қамы үшін емес, бір ғана Алла разылығы үшін жасауы керек.
3) Дүниедегі өз пайдасы мен сырт көзге көрсету үшін ғибадат ету. Бұл ғибадаттың ең төменгі дәрежесі. Мұны ғибадат деп атаудың өзі артық. Өйткені, Алла үшін жасалмаған ғибадаттың ешқандай құны жоқ.

ҒИБАДАТТЫҢ ПАЙДАЛАРЫ:
Денеміз азықты қажет еткені сияқты рухымыз да азықты қажет етеді. Рухтың азығы – иман мен ғибадат. Ғибадат рухымызды өсіреді. Бізді жамандықтан сақтап, мінез-құлқымызды кемелдендіреді әрі ең қымбат байлығымыз – иманымызды қорғайды.

Өмірде адамдардың әр түрлі қиындықтарға тап келіп, үмітсіздікке, қайғы-мұңға, уайымға бататын кездері болады. Сондай жағдайларда адам баласы ғибадат арқылы ішкі дерттен айығады. Өйткені адам ғибадат аясында Аллаға жақындайды. Оның рақымын паналап, рахат бір сезімге бөленеді. Ғибадаттардың тек рухымыз үшін емес, денемізге де әсер ететін көп пайдасы бар.

Намаз оқитын адам дәрет алуы керек. Дәрет алу күніне бірнеше рет тазару деген сөз. Тазалықтың денсаулығымыз үшін қаншалықты пайдалы екенін бәріміз білеміз.

Намаз оқып жатқан кездегі белгілі бір қимыл-қозғалыстардың, ораза кезінде ас қорыту жүйесі мен кейбір мүшелердің тынығуының өзі денсаулық үшін пайдалы екендігі ақиқат. Зекет ғибадатының да әлеуметті қамсыздандыру тұрғысынан қоғамға тигізер көптеген пайдасы бар.

материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.