Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы Шымкент қаласына арнайы іссапармен келді.
Сапар аясында қалалық «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мүхамеджан Естеміров пен қалалық «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының жауапты өкілі Ербосын Орын таныстырып, баяндады.
Атап айтқанда, қала аумағынан арнайы бөлінген зират орындарының ішінен арнайы жер-секторлар бөлінуде, көктас шеберханалары мен осы бағытта қызмет көрсететін мәйіт тасымалдайтын арнайы катафалка көліктері т.б. атқарылып жатқан жұмыстары туралы таныстырды.
Кездесу барысында ҚМДБ Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен арнайы келген «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлына шаһардың бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы алғыс айтып, ризалық білдірді.
Айта кетсек, Шымкент қаласында 37 мұсылман зираты, 2 мәйіт тасымалдайтын арнайы катафалка көлігі мен 150 табыт бар, мәйіттерді жуындыратын 25 қызметші (ер,әйел) жасақталды. Сондай-ақ замануи түрде жабдықталатын 2 мәйітхана құрылысы жүргізілуде.