«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде сүйікті пайғамбарымыз туылған Рабиғ әл-әууәл айының құрметіне орай Мәуліт мерекесі ұйымдастырылды.
Жұма күнгі жиында адамзаттың асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне, қасиетті Мәуліт мерекесіне арнап, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Руслан Нақыпбекұлы уағыз-насихат айтты.
Ақыретте мұсылмандардың шапағатшысы болатын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өнегелі өмір жолы, Алланың дінін адамзатқа таратудағы тағылымға толы істері, оның мүбәрак өмірі жайлы тілге тиек етті.
Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын Пайғамбарымызға деген сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.
Мешіттің ұстазы, қари Салман Хадиршаев жүректі тебірентер Мәуліт жырын оқыды. Сондай-ақ имамдар мен жұма намазына жиналған мешіт жамағаты бірігіп әлемге рақым етіп жіберілген нұрлы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтты.
Екі дүние сардарының әрбір әрекеті мен сөзінен рухани нәр алып, пайғамбарымызды (с.ғ.с) шынайы жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігі де көркем түрде жеткізілді. Жұма намазынан кейін жиналған көпшілікке құрма мен тәтті сусындар, арнайы әзірленген ыстық тағамнан қайырымдылық ас таратылды.
sunna.kz