Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына барған сапарында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» тақырыбындағы біліктілікті арттыру оқу курсының ашылуына қатысты.
Курстың ашылу салтанатына Нұр-Мүбарак Египет ислам университетінің ректоры Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараға наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Бас мүфти кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл, Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры Тимур Нүсіпханұлы және Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы мен аймақтардағы діни оңалту саласына жауапты имамдар, ұстаздар қатысты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ бекіткен жеті бағыттың бірі діни оңалту жұмысының маңызына тоқталды. Біліктілікті арттыру курсына қатысушы мамандарға «Діни оңалту жұмысында дағуаттың тәсілдері мен әдістері» тақырыбында дәріс оқыды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, діни оңалту бағытындағы жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Оқу барысында Нұр-Мүбарак Египет ислам университетінде білікті дінтанушы мамандар, теологтар мен Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының мамандары дәрістер оқып, діни оңалту жұмыстарының әдістемелік ұсынымдары жайлы, теориясы мен тәжірибесі, діни пікір қайшылықтың себептері мен алдын-алу жөнінде білім береді.