Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Атырауда жаңа мешіттің іргетасы қаланды

0 211

Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылында 500 орындық жаңа мешіттің іргетасы қаланды.

Аталмыш іс-шараға Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы қатысып, жергілікті жұртшылықты салтанатты жағдайда құттықтады.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Играшинұлы, зиялы қауым өкілдері, Қосшағыл ауылының жергілікті тұрғындары қатысқан шарада бас имам мешіт құрылысына атсалысып жатқан демеушілерге, азаматтарға ризашылығын жеткізіп, сәттілік тіледі.

«Мешіт – имандылықтың, тәрбиенің, береке-бірліктің ордасы. Бұл жерде адамдар құлшылық жасаумен бірге, жан дүниесін тазалайды, иманын күшейтеді. Қаласа, діни білім алады. Мешіттерде қайырымдылық шаралары да тұрақты өтіп отырады. Халқымызды одан әрі бірлік жолында біріктіре түсетін мешіт құрылысы сәтті аяқталып, қызмет қылатын күн жақын болғай» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Бұдан кейін Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановпен кездесті. Кездесу аясында Алтынбек Ұтысханұлы Атырау облысы, соның ішінде Жылыой ауданындағы діни ахуал, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен бірге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен негізгі 7 бағыт аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтерді бөлісті.

«Жылыой – облыстағы үлкен аудандардың бірі. Асыл дініміздің құндылықтарын насихаттау, жат ағымдармен күрес бағыттарында мешіттерде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қосшағыл ауылында мешіт, Ембі ауылдық мешіті жанынан Қайырымдылық мекемесі салынуда. Біздің алдымызда мешіттерімізді сапалы дін мамандарымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Діни кадр даярлау мәселесіне жергілікті жастарды тарту, шәкірттердің оқу ақысын төлеу арқылы қолдау көрсетуде бірлескен жұмыстар керек» деп атап өтті Атырау облысының бас имам.

Кездесу соңында облыс бас имамы мен аудан әкімі бірқатар бағыттарда ортақ уағдаластыққа қол жеткізсе, Алтынбек Ұтысханұлы сапар аясында Ембі ауылдық мешіті жанынан салынып жатқан Қайырымдылық мекемесінің құрылысымен танысты.

Сондай-ақ бас имам Жылыой ауданында орталық мешіттің ұйымдастыруымен өткен «Адамзаттың асылы» Мәуліт кешіне қатысты. 300 адам қатысқан рухани кеш аясында Мәуліт жыры оқылып, бас имам жұртшылықты мерекемен құттықтады әрі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолы, өнегесі туралы насихат айтты.

«Көркем мінез – адам бойындағы ұлы қасиет, әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы.

Әрбір саналы мұсылман баласы көркем меніздің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. Қазіргі  уақытта кейбір мұсылман бауырлар пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сыртқы көріністі паш ететін сақал өсіру, балақ қысқарту, мисуак қолдану секілді амалдарын орындап, шариғат талап еткен пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірімділігіне, қарапайымдылығына, әділдігіне амал жасамауда. Ислам дінінің талап еткені де адамның ішкі сұлулығы, ислами көркем мінездің әрбір әрекетінде орын алуы» деп атап өтті Алтынбек Ұтысханұлы.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.