Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ерлі-зайыптыларды жәннатқа жетелейтін пікір

0 162

Өткен заманда Асмай деген кісі сапарға шығыпты. Шөл далада кетіп бара жатып бір шатырды көреді. Лашықтың алдында отағасы мен жұбайы отыр екен.

Әйел хас сұлудың нақ өзі екен де, ері рең, басы келіспеген біреу болып шығады. Асмай әйелді сынамақ боп былай дейді:

– Бақытың ашылмаған жан екенсің. Осыншама көз тартарлық сұлулығыңмен мына келбетсіз кедейге күйеуге шығып қор болыпсың.

Сонда оның айдап салма сөзіне әйел дереу қабағын шытып:

– Шаңырағымыздың шырқын бұзарлық неткен жаман пейілді адамсыз! Әлде сіз бұл жерде тағдырдың да еншісі барын білмейсіз бе? Тағдырым солай жазса, демек маған лайығы осы. Жоқ әлде «тағдырыңа бұл адам жазылған екен, бірақ тағдырың жаңылыс жазылыпты, Құдай тағала саған әділетсіздік етіпті» демексіз бе? – дейді.

– Астапыралла. Тағдырың жаңылысқан дей алмаймын. Алла тағала әділ. Ешкімге де зұлымдық жасамайды, – дейді Асмай.

– Олай болса, өзіңіз де мойындайтын боларсыз. Егер мен жақсы әйел болсам, пешенеме жазған күйеуім де жақсы адам шығар. Менің міндетім тағдырыма жазылғанға ризашылық танытып, өмірімде Жәннатқа жетелейтіндей ғұмыр кешу. Ал Жәннатқа лайық жұптан артық не бар? – дейді әйел. Жауапқа дән риза болған Асмай өз жолымен кете барады.

Тағы да осыған ұқсас бір оқиғаны Әбуллəйс былай баяндайды: Ғұламалардың бірінің әйелі аузы-басы көпіріп сөйлей беретін мылжың, қолынан түк келмейтін, шаруаға икемсіз бейбақ екен. «Онымен бірге қалай тұрып жатырсың, ажырасып құтылмайсың ба?» дегендерге ғұлама: «Оны қоя берсем екеуміз де құрдымға кетеміз. Оның құрдымға кететін себебі, мен сияқты сабырлы адамды қайта таба алмас. Менің құрдымға кететін себебім, оның шатақ мінезіне төзімділік танытқаным үшін алған сауабымды қайта таппаспын», – деп жауап берген екен.

Ері осылай, жұбайы да жоғарыдағыдай пікір түйсе, шаңырақтың оңайлықпен шайқалмасы анық. Мұндай ерлі-зайыптылар бес күндік мына фәни өмірде болмашы нәрселерге бола мәңгілік Жәннатқа жетелейтін құндылықтарды аяқ асты етпейді.

материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.