Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Қыздың жасауы мен мəһір арасындағы айырмашылық

0 392

Халқымыздың ежелден келе жатқан салттарының бірі – ұзатылған қызға жасау беру. Ислам құқығында қыздың жасауы өз алдына жеке тақырып ретінде қарастырылған. Себебі, қыз жасауы материалдық құқық болып табылады. Тұрмыс құрған қыздың артынан жасау апару керек пе? Қыздың жасауын кім əзірлеуі тиіс? Қыздың əке-шешесі ме, əлде күйеуі ме? Қызға берілген мəһірге жасау дайындалуы керек пе? Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда қыздың артынан келген жасаудағы мүліктер кімнің иелігіне өтеді? Міне, осы секілді тақырыптар Ислам құқығында қарастырылып, жауаптары нақты айтылған.

Ханафи мəзһабында əйел өзіне берілген мəһірмен немесе өзіне тиесілі дүние-мүлкімен жасау дайындауға міндетті емес. Əкесінің де өз мүлкінен қызына жасау беруі парыз етілмеген. Қалыңдық күйеуінің үйіне жасаусыз да, күйеу жігіттің берген мəһір мөлшеріне сай келмейтіндей жасаумен да бара алады. Өйткені тұрмысқа шыққаннан кейін оны тұрмысқа қажетті нəрселермен қамтамасыз ету күйеуінің міндеті. Үй мен үй жабдықтары да осы міндеттің қатарына кіреді. Бірақ, күйеу жігіт жасау үшін деп қалың мал берсе, қыз жақтың соған сай жасау дайындауы қажет. Сонымен қатар мəһірдің қалың малдан бөлек екенін ескерген жөн.

Жасауды қыздың ата-анасы өз қаржысынан, жігіттің мəһір ретінде берген қаражатынан немесе дайындалуы керектігі айтылмай берілген қалың малдан дайындаса, бұл дүние-мүлік қыздың меншігі саналады. Күйеуі оны тек қана əйелінің рұқсатымен ғана қолдана алады. Мұндай əйел күйеуінен ажырасса немесе күйеуі қайтыс болса, өз дүние мүлкін түгелдей қайта алуына құқылы. Ал егер, қыздың артынан келген дүние-мүлік жігіттің жасау үшін арнайы берген қаражатымен дайындалса, онда бұл дүние-мүлік жігіттің меншігі саналып, ерлі- зайыптылар ажырасатындай жағдайда, толықтай жігіттің өзінде қалады.

Əрине, қыздың ең қымбат жасауы мен əшекейі оған берілген ілім, əдептілік, тəлім-тəрбие, көркем мінез екенін де ұмытпаған жөн. Бойжеткеннің жарының үйіне апаратын ең қымбат нəрсесі – ары мен абыройы, əдебі мен көркем мінез-құлқы. Тұрмыстық заттардың кемшілігінің орнына толтыруға болар, алайда əдеп пен тəрбиенің орнын толтыру бек қиын.

материал «Ислам жанұясы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.