Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Тағдырдың жазғанына ризашылық танытудың маңызы

0 497

Ерлі-зайыптылар бір-біріне көңілі толмаған жағдайда да сабыр етіп тағдырына ризашылық таныта білуі қажет. Бір хадисте: «Өздерің қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар» делінген. Пайғамбарымыз бұл хадисі арқылы осы өмірдің бір заңын меңзеп нұсқаса, бұл тəртіп Ұлы Жаратушымыздың адамдарға жіберген бұйрығынан туындап отыр. Не де болса болары болып, бояуы сіңгеннен кейін болаттай беріктік танытып, «Маған осындай жұбай берілген болса, демек бұған мен өзім лайық болғаным» деп, əркім өзін сынға ала білуі қажет. Бұл ақиқаттың бір жағы. Ал екінші жағынан маңдайымызға жазылғанның барлығы берілген сынақ. Оспадар, ожар қылықты күйеудің немесе долылығы дауылдай əйелдің сізге сынақ ретінде берілмегеніне кім кепіл? Одан да осы сынақтан сүрінбей өтуге талпыну қажет.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) хадисінде: «Сен үшін пайдалы нəрсенің соңына түс жəне оған қол жеткізу үшін Алладан жəрдем тіле. Əлсіздікке ұрынба. Басыңа іс түскенде: «Əттеген-ай, былай істегенімде ғой, сонда былай болар еді», – деп айтпа. Одан да «Бұл – Алланың тағдыры, Ол қалағанын жасайды», – де. Себебі «əттеген-ай» деген өкініш шайтанға саңылау ашады, айтушыға зиянын тигізеді», – деген екен.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Осы дүниеде де, ақыретте де сый-құрметке бөленген төрт əйел бар. Олар: Имранның қызы Мəриям, Перғауынның əйелі Əсия, Хуайлид қызы Хадиша жəне Мұхаммедтің қызы Фатима» деген-ді.

Алла Тағала ешкімді бекерден-бекер сый-құрметке бөлемейді. Жаратқан иеміз адамдардың жасаған қызметтері мен жанқиярлықтары, танытқан сабыр мен төзімдерін ескеріп, соған қарай дəрежесін көтермек. Демек, жоғарыда аталған абыройлы аналарымыздың ерекше қасиеттеріне орай, Раббымыз мəртебелерін үстем еткен. Ал, енді оларды елден ерек еткен сипаттарына қысқаша тоқталсақ.

Өзін құдай санап шектен шыққан перғауынның есалаң түсінігі мен надан əрекеттеріне қаймықпастан қарсы тұра білген Əсия бүгінгі күні исі мұсылман үшін үлкен өнеге болатын əйел. Мұндай кəпірмен бір шаңырақ астында өмір сүру үшін таудай сабыр қажет екені айтпаса да түсінікті.

Құдіреті күшті Алла Тағала Адам атаны балшықтан жаратқаны секілді, тағы бір құдіретін көрсету үшін Иса пайғамбарды Мəриямнан əкесіз өмірге əкелді. Еркек көрмеген Мəриям анамызға өзінің пəктігін ел-жұртқа дəлелдеу оңайға түскен жоқ. Ел аузына келгенін айтып, түрлі жала жапты. Осының бəріне ары таза Мəриям анамыз Алланың берген сабырымен төтеп бере алды.

Хадиша (р.а.) анамыз Меккенің ең бай əйелі бола тұрып, қолындағы бар байлығын адал жарының жолында сарп етті. Онымен ғана шектеліп қалмай, жылдар бойы аштық азабын тартып, бұрын-соңды үш ұйықтаса түсіне кірмеген кедейлікті де басынан өткерді. Соған қарамастан Алла Тағалаға айтқаны тек алғыс қана еді.

Фатима (р.а.) анамыз Алла елшісінің қызы бола тұра, өмір бойы таршылықтан көз ашпады. Талғажау қыларлық құрма да таппай, тəуліктеп аш қалатын. Үйінің отымен кіріп, күлімен шықты. Егер тұрмыс-тіршіліктің өткінші қиындықтарына сабырлық танытса, жəннатта сый берілетінін айтып Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи у ə сəллəм) оны жұбататын. Шынымен де Пайғамбарымыз айтқандай көп өтпей жəннаттың ханшайымы болды.

материал «Ислам жанұясы» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.