Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасады

0 567

Ақмола облыстық «Науан хазірет» мешітінің және Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы Тарихшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Хан ордасы Көкшетау: Кенесары ұлттық қаһарман» тақырыбында Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы онлайн қатысып, баяндама жасады.

«Кенесары қайсар қолбасшы ғана емес, парасатты басшы болды. Ол Қазақ хандығын қалпына келтіруге тырысты. Жаңа экономикалық, саяси бастамаларды қолға алды. Кенесарының салық саясаты шариғатқа негізделді. Ол мал өсіретін аймақтарға зекетті, егіншілікпен айналысатын өңірлерге ұшырды енгізді. Сот істерін де шариғат бойынша жүргізді, бұл істі билер атқарды.

Алайда Кенесарының күш алуына, Қазақ хандығының қайта қалыптасуына мүмкіндік берілмеді. Осы мақсатта қазақ пен қырғыз арасына от тасталды. Мұның соңы Кенесары сарбаздары мен қырғыз манаптары арасындағы шайқасқа ұласты. Пулеметпен, зеңбірекпен қаруланған қырғыздар Кенесары мен Наурызбайды қолға түсіреді. Екі батыр елдіктің жолында, болашақтың бақыты үшін құрбан болды. Олар өмірінің соңына шейін тәуелсіздік үшін күресті, сол жолда жан тапсырды.

Аллаға шүкір, бүгінде тәуелсіз еліміз бар. Бұл тәуелсіздікке Сырым, Кенесары, Исатай, Махамбет, Жанғожа, Есет секілді батырлардың, Әлихан, Ахмет, Міржақып секілді ұлт қайраткерлерінің үздіксіз күресі арқылы қол жеткіздік. Иә, олар бүгінгідей бейбіт өмірді көрген жоқ. Алла жар болып, Алаш баласы аңсаған тәуелсіздікті көру бізге нәсіп болды.
Тәуелсіздіктің арқасында егеменді мемлекет болып, тіл, діл, дін, басқа да құндылықтарымыз қалпына келді. Ендеше, осындай мол мұраға жеткізген бабаларға тағзым жасау біз үшін асыл борыш болуы керек.

Бүгінгі Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына орай өткізіліп отырған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция сондай ұлы мұратты мақсат етіп отырғаны анық. Алла тәуелсіздігімізді баянды еткен. Ел тәуелсіздігі жолында шейіт болған батыр бабаларымыздың рухы шат болғай!» деді Бас мүфти.

Айта кетейік қазақтың біртуар батыр тұлғасын ұлықтаған ғылыми-тәжірибелік конференцияға Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы, сондай-ақ бірқатар тарихшы, филолог ғалымдар, оқытушылар мен студент жастар, дін қызметкерлері қатысты.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.