Адамдардың абыройына нұқсан келтіретін, ар-намысына тиетін сөз бен қылық кісі ақысын аяқ асты ету екені белгілі. Құран кəрімнің түрлі аяттарында жала, өсек-аяң, кекесін сөз, жаман ат тағу, келемеждеу, басқалардың кемшілігін іздеу секілді жағымсыз іс-əрекеттерді сөгіп, одан аулақ болуға үндейді.Алла Тағала «Хужурат» сүресінде: «Уа, мүміндер! Бір қауым басқа бір қауымды кемсітіп, мазақтамасын. Өйткені, мазаққа ұшыраған қауым өзін мазаққа айналдырған қауымнан əлдеқайда жақсы болуы мүмкін. Сондай-ақ, əйелдер де бірін-бірі мазақтамасын. Кім білсін, мазаққа ұшыраған əйелдер оларды мазақ қылған əйелдерден əлдеқайда қайырлы болуы мүмкін. Біріңе-бірің күйе жақпаңдар. Өз-өздеріңе (яғни, мұсылмандар болып біріңебірің) намысқа тиетін лақап ат қоймаңдар. Иман келтіргеннен кейін пасық деген жамат атқа ие болу нендей жаман. Кімде-кім тəубесіне келмесе, міне солар өз-өздеріне қиянатшыл болғандар. Біріңді-бірің ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің өлген бауырының етін жегенді қалайды? Əрине, бұдан жиіркенесіңдер. Ендеше, Алланың (азабынан) қорқыңдар. Расында, Алла Тағала (құлдарының) тəубесін қабыл етуші, ерекше мейірімді» («Хужурат» сүресі, 11-12 аяттар).
Күмəннің, яғни долбардың, лақап сөзді сан-саққа жүгіртудің де түр-түрі бар. Алла Тағала, оның Елшісі, мүминдер, қала берді, бүкіл адамзат турасында тек қана жақсы ойда болу мұсылман үшін жарасымды. Ал адамдардың кем-кетігін тіміскілеп, үнемі сұм ойға берілу күнə. Айта кететін тағы бір жайт мұсылман адам басқалардың өзі туралы жаман пайымдауына жол бермеуі тиіс.
Мұсылманның жел сөзге құлақ аспағаны, дін-иман туралы орынсыз сөздерден аулақ болғаны жөн екенін мына аяттардан ұғамыз: «Олар өсек-аяң естігенде теріс айналып: «Біздің ісіміз өзімізге, сендердің істерің өздеріңе. Мұндайда жылы қоштасайық. Надандарды қаламаймыз», – дейді» («Қасас» сүресі, 55-аят).
«Олар қаңқу нəрселерден аулақ болады» («Мүминун» сүресі, 3-аят).
«Өзің білмеген нəрсенің соңына түспе. Шынымен қиямет күні құлақ, көз бен жүрек одан сұралады» («Исра» сүресі, 36-аят).
«Олардың аяттарымызды əжуалауға кіріскенін естіген сəтте сөз сарынын ауыстырғанша олардың қасынан без. Егер шайтан саған сытылып шығуды ұмыттырса, есіңе түскен сəтте залымдар тобынан аулақ кет» («Əнғам» сүресі, 68-аят).
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Адамға күнə ретінде естігенінің бəрін екінші біреуге жеткізгені жетіп жатыр», – деген. Тағы бір хадистерде біреуді сыртынан қаралап, өсек айтқанның жəне өсекті тыңдағанның күнəға бірге бататыны, екеуі де өсектеген адамының күнəсін арқалайтыны, оның өтеуі үшін сауаптарын бөліп беретіні айтылған. «Діндес бауырын ғайбаттап жатқанда өсекшіге қарсы шығып, бауырының абыройын қорғап қалғанды Алла Тағала қиямет күні тозақтан сақтайды», – дейді. Біреудің сыртынан өсек айту да, айтылған өсекті тыңдау да харам. Ал өсекті айтқызбай тыйып тастаған адамның да ақыретте алар сауабы əлгіндей болмақ. Демек, мұсылманның ар-намысына, абыройына нұқсан келтіретін сөз айтпау бір міндет болса, мұны басқаларға да айтқызбау тағы бір міндет.
Кааб ибн Мəлик (р.а.) Тəбук жорығынан қалып қояды. Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Тəбукте сахабаларымен бірге отырып: «Кааб ибн Мəликке не болды екен?» – деп сұрағанда, Сəлима руынан шыққан біреу: «Паңдығы ұстап байқамай қалып қойған шығар», – десе керек.
Муаз ибн Жəбəл оған: «Бұл сенің қай сөзің?» – деп кейиді де: «Уа, Алланың елшісі, біз ол жайлы жақсылықтан басқа ештеңе білмейміз», – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бұған ештеңе демейді. Хадис сахабаның басқа бір сахаба туралы жақсы ойлағанын, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)мұны үнсіз құптағанын бізге сабақ қылады. Төменде келтірілген аяттар өсек-аяң айтқандарға, сөз тасығандарға ермеу қажет екенін, отыз тістен шыққан əрбір сөздің есепке алынып отырғанын ашық білдіреді: «Бұлар дəулетті, текті деп ант-су ішкен ынжықтарға ерме, өсекшіге, жақсылыққа тыйым салушыға, шектен шығушы күнəһарға, сотқарға, сондай-ақ тексізге де» («Қалам» сүресі, 10-14 аяттар).
«Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы, жазып қоюшы дайын тұрады»
(«Қаф» сүресі, 18-аят).
Сөз тасыған адамға өзінің қылығы елеусіз көрінгенімен, мұның азабы ауыр болатыны мына хадисте айтылады. Бірде Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) екі қабірдің қасынан өтіп бара жатып, «Бұл екеуі де қаперіне алмаған күнəлардан қабір азабын тартып жатыр. Біреуі сөз тасығаны үшін, ал екіншісі болса зəр сындырғанда сақтанбағаны үшін» деген еді.
Көпшілік мұсылман осылайша «бір-екі ауыз сөз не тəйірі», «бір-екі тамшыда тұрған не бар?» деумен адасады, азапқа ұрынады. Негізі кішкентай күнəнің қайталана берсе таудай көлемге ие боларын ұмытпаған жөн. Айша анамызға (р.а.) жала жабылып, сол бүлік сөзді елге жайғандарға Құран: «Сол уақытта өсекті ауыздан ауызға таратып, көздерің жетпеген нəрсені жайып, болмашы нəрсе ғана деп ойласаңдар ол Алланың алдында зор іс еді», – деп ескерткен («Нұр» сүресі, 15-аят).
Ғайбаттау былай тұрсын, кісінің артынан «бетіме телміре қарады» деген секілді көңілге тиетін қарапайым сөздердің өзі кісі ақысының тапталғаны болып есептеледі. Неге екені белгісіз, өтірікке, зинаға, ұрлыққа, намазды тəрк ету секілді күнəлардың маңына да жуымайтын, «дінге, иманға, халыққа қызмет етемін» деп жанұшыра жүгіріп жүрген саналы азаматтарымыз тіл бəлесі ғайбаттың алдында дəрменсіздік танытып қоя береді. Бұл дегеніңіз, діннің бір əмірін қабылдап, келесі бір əмірін құлаққа қыстырмау емес пе? Кітабымыз Құранда жүрегіндегі иманыəлсіз мұсылмандар туралы: «Сендер кітаптың кей бетіне сеніп, кей бетіне қарсы келесіңдер ме? Сендерден кім бұлай істесе, əрине, олардың жазасы дүние тіршілігінде қорлық, қиямет күнінде сұмдық азап болады. Алла Тағала істеген істеріңнен хабарсыз емес», – деп айтқанын естен шығармайық. («Бақара» сүресі, 85-аят).
Басқалардың айыбын əшкерелеуге ешқандай да қақымыз жоқ. Мəселен, əл-ауқаты жақсы бауырымыздың үйін қымбат жиһазбен толтырғанын көрсек, ол туралы «пəленшекең көзіне шел бітіп өзгерді, дүниенің қызығына алданып, жиған-тергенімен шаңырағын сəндепті» деу əбестіксаналады. Өйткені, жақсы тұрмыс, жайлы үй иелену дінде харам емес, ал мұны өсек сөздің желеуіне айналдырып, адамды шенеп-мінеу харам. Жұпыны киіну, шидің үстіне жату тақуалықтың бір нышаны шығар, бірақ, жұрттың барлығы солай күнелтуі керек деген түсінікке орын жоқ. Тақуалық дəмді дастархан мен қымбат матадан киінуге қарсы тұру деп ұқпауымыз керек. Өмірде бай бола тұра қызылды-жасылды дүниеге берілмей, керек кезде тəрк ете алар тақуалардың болғаны секілді, өмір бойы кедейліктен көз ашпаса да тақуалыққа əсте бой ұрмаған адамдар болған.
Қымбат шапан жамылып, бағалы көлік мінгендердің ісі ысырап саналуы да, саналмауы да мүмкін. Шынтуайтында, мəселенің бəрі ниетке кеп тіреледі. «Маған мұсылман еместер сынай қарайды, Исламның абыройы үшін сəнді, жарасымды киінуім керек» деген адам гардеробын толтырып киім жинаса, мұнысы харам емес, аздаған шашып-төгу ғана болмақ. Ысыраптың да түрлі деңгейі бар. Сондықтан, дүние жиған мүминдердің əрекетін күстəналап «ысырап етуін қарашы» деп сөгу дұрыс емес.
Имам Ғазали «Мұсылман еместі ғайбаттаудың үкімі не болмақ?» деген сауалға былай дейді: «Ғайбат сөзді мұсылман айтса үш нəрсеге себеп болғандықтан тыйым салынады: бірінші – кісіге тіл тигізгені үшін, екінші – Алла жаратқан құбылыстың бойынан кемшілік іздегені үшін, үшінші – уақытты босқа өткізгені үшін».
Бұл қағидадан біз мұсылманды ғайбаттаудың харам екенін, бойынан кемшілік іздеу мəкрүһ екенін ұғамыз. Сондай-ақ, Ислам мемлекетінде өмір сүретін мұсылман еместі де жəбірлеугеболмайды. Өйткені, Алла оның дінін, жанын жəне малын өз қорғауына алған. Ибн Хиббанның кітабында баяндалған мына хадис осыған дəлел. «Иудей немесе христианға жапа шектірген адам жаһаннамдық». Бұдан басқа соғыс жағдайындағы (харби) мұсылман еместі ғайбаттау харам емес деп айтылғанын да қоса кеткен жөн.
материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,
sunna.kz