ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы негізінде жылдағы үрдіс бойынша Қарағанды облысына қарасты мешіттерде «Тегін такси» қайырымдылық акциясы жарияланды.
Бас имам Естай Айтуғанұлының ұйымдастыруымен игі шара облыстық «Әнет баба» мешітінде бастау алып, сауапты іске ниет еткен дін қызметкерлері мен ерікті жамағатқа ақсақалдар батасын беріп, дұға жасады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жергілікті тұрғындар мен көшедегі жолаушыларға жәрдем көрсету мақсатында өкілдік бойынша жүзден астам тегін көлік қызметін атқаруға кірісіп те кетті.
Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Мұсылманның міндеті – әркез бауырына қамқорлық таныту, мейірбан болу. Бүгін ұйымдастырылып отырған «Тегін такси» қайырымдылық акциясының да басты мақсаты қала тұрғындарына көмек көрсетіп, ауа райының қолайсыз уақытында қол ұшын беру. Бұл қайырымдылық акциясы ары қарай да жалғасын таппақ. Барлықтарыңызды осы игі шараға үлес қосуға шақырамыз!» дей келе көлігі бар азаматтарды сауапты іске атсалысуға үндеді.