Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен сахабалардың дүниеге қызықпаулары

0 327

Алла елшісінің (с.ғ.с) тақуалығы

Ибн Аббас былай дейді. Омар (р.а.) Алла елшісінің ши үстінде жатқанын әрі денесіне батқан шидің іздерін көріп: «Уа, Алланың елшісі! Құс төсекке жатсаңыз болмас па еді?», – дейді тебірене. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен бұл өткінші дүниенің рақатын көргім келмейді. Бұл дүниеде мәңгі қалмаймын. Мен тек ыстық күні жолға шыққан және ағаш түбінде бір сәт дем алып, сапарын қайта жалғастырған жолаушы секілдімін», – деген еді.

Ибн Омар былай дейді: «Бірде Алла елшісімен бірге ансарлардың бірінің құрма бағына соқтық. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жерге түскен құрмаларды теріп жей бастады. Менің қимылсыз тұрғанымды көріп: «Ей, Ибн Омар, сен неге жемейсің?», – деді. «Тәбетім жоқ», – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ал менің тәбетім тартып тұр. Өйткені төрт күннен бері нәр татпадым. Егер қаласам, Хақ Тағалаға дұға етер едім. Маған Қайсар мен Кисраның байлығын берер еді. Ей, Ибн Омар, адамдар бір жылдық азығын алдын-ала қамдап қоятын әрі Аллаға иманы әлсіз заманда өмір сүрсең, сенің халің не болмақ?», – деді. Сонда Ибн Омар: «Уаллаһи, арада көп уақыт өтпей «Қаншама жан-жануар бар: олар рызықтарын өздерімен бірге алып жүрмейді. Сендердің әрі олардың рызығын беруші – Алла Тағала. Ол бәрін естуші, толық білуші» (Әнкабут, 29/60) деген аят түскен еді», – дейді. Бұл аят түскеннен кейін, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Хақ тағала маған мал-мүлік жинамауды және құлқынның құлына айналмауды әмір етті. Егер кімде-кім мәңгі өмір сүретіндей мал-мүлік жинайтын болса, ол адам өз өмірінің Алланың қолында екенін ұққаны жөн. Мен ертеңгі күнім не болады деп, алдынала азық жинап, әбігерге түспеймін», – деген еді».

Әбу Бәкірдің (р.а) тақуалығы

Зәйд ибн Әркам былай дейді: «Әбу Бәкір су сұратқанда, оған бал шәрбатын алып келеді. Ауызына апара берген кезінде, көз жасына ие бола алмай қалады. Біз оның бұл қылығынан абдырап қалдық. Өзіне келгеннен кейін: «Ей, Расулалланың халифасы! Сен неге жыладың?», – дедік. Сонда Әбу Бәкір (р.а.): «Бір күні Алла елшісімен бірге едім. Бір қарағанымда, Алла елшісі біреуді қуып жатты. Алайда қасында ешкім жоқ еді. Уа, Расулалла! Кімді қуып жатырсыз? Бұл жерде ешкім жоқ қой?», – дедім. Алла елшісі: «Дүние мені өзіне баурап алмақшы. Мен оған «менен аулақ кет», – деп қудым. Сонда дүние: «Мен сені құрығыма түсіре алмадым» (Екінші бір риуаятта дүние: «Аллаға ант етейін, сен менің құрығымнан құтылғаныңмен, сенен кейінгілер құтыла алмайды») деген еді».

Әбу Бәкір (р.а.): «Бұл оқиға маған айрықша әсер етті. Сол алдамшы дүние мені өзіне баурап алды ма деп қорқамын», – деген еді».

Омардың (р.а.) тақуалығы

Салим ибн Абдуллаһ былай дейді: «Омар (р.а.) халифа болып сайланғанда, Әбу Бәкірге берілген жалақының мөлшеріндей оған да еңбекақы тағайындалды. Бір күні Омар (р.а.) қаржы тапшылығынан қатты қиналады. Сонда бір топ мұһажирлер (Осман, Али, Зүбәйр ибн Әууам (р.анһум)) бас қосып, өзара ақылдасады. Зүбәйр: «Омардың жалақысын сәл көтерсек қайтеді?» – деп ұсыныс айтты. Али (р.а.): «Омар бұл ұсынысты қабыл алмаса, қайтеміз?» – деп, өзінің қорқынышын жеткізді. Екеуі тұрып бара жатқанда Осман (р.а.): «Ең дұрысы, сөзі өтімді біреуге айтқызайық. Хафсаға (р.анһа) барайық. Сол айтсын. Бұл сөзді кімнен естігенін айтпасын», – деді. Айтқандарындай, Хафса анамызға барды. Бұл ұсынысты кімнен естігенін де айтпауын өтінді. Хафса (р.а.) әкесі Омарға (р.а.) барып жағдайды айтты. Омар (р.а.) бірден үн қатқан жоқ, алайда ашуланғаны жүзінен көрініп тұрды. Әлден уақытта: «Саған бұны кім айтты?», – деді. Хафса: «Сенің ойыңды білмей, олардың кім екенін айта алмаймын», – деді. Омар (р.а.): «Егер олардың кім екенін білгенімде, жақсылап тұрып жазалар едім! Аман қалғандарына шүкіршілік етсін», – дейді. «Хафса қызым! Маған айтшы, Алла елшісі үйде болғанда, қандай киімдер киетін еді?» Хафса (р.а.): «Аллаһ елшісінің екі көйлегі бар болатын. Бірін қонақтар келгенде, екіншісін ел ішінде жүргенде киетін», – дейді. Омар (р.а.): «Жеген тағамы не еді? Оны да айт». Хафса: «Жегеніміз арпа наны еді. Ыстық нанға май жағып жейтінбіз. Келген қонақтарға да осы нанды беретінбіз», – деп жауап береді. Омар (р.а.): «Хафса, Алла елшісі сенің қасыңда болғанда қандай төсенішті қолданатын?» Хафса: «Қатты матадан жасалған төсенішіміз бар еді. Жазда төртке бүктеп үстіне отыратынбыз, ал қыста жартысын астымызға төсеп, жартысын үстімізге жамылатынбыз», – дейді. Омар (р.а.): «Онда мені тыңда, Хафса. Менің мына сөздерімді оларға қаз-қалпында жеткіз: Алла елшісі өзіне жететінін ғана алып қалып, қалғандарын мұқтаждарға тарататын. Мен де өзіме жететінін алдым. Қалғаны мұқтаждарға. Мен және менен бұрынғы екі ардақты жан: Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір – үшеуіміз бір жолды ұстанған жандаймыз. Алғашқысы рухани азықты алып ақыретке аттанды. Екіншісі де оның артынан кетті. Үшіншісі де олардың жолымен жүреді. Мен де солар секілді өмір сүріп, бұ дүниеден өтсем, олармен қауышамын. Ал басқа жол таңдасам, оларды ешқашан көре алмаймын», – деген еді».

Омардың (р.а.) ұлы Абдуллаға ас-ауқатқа қатысты айтқан өсиеті

Ибн Омар былай дейді: «Дастарқан басында отырғанымда, әкем келді. Дастарқанға отыруын өтіндім. Отырды. «Бисмиллаһ» деді де, алдындағы астан дәм татты. Екінші мәрте дәм татқанда, «Мынаның дәмі еттің майына ұқсамайды», – деді. «Уа, мүміндердің әміршісі! Бүгін базарға семіз малдың етін алу үшін барған едім. Бағалары тым қымбат екен. Бір дирхамға іш май, бір дирхамға сары май сатып алдым», – деді. Омар (р.а.) «Алла елшісінің дастарқанында екі түрлі дәм болса, оның бірін өзі жеп, екінішісін мұқтаждарға тарататын», – деді. Сонда мен: «Сіз қазір жеңіз, келесіде мен де солай істеймін», – дедім. Содан бері дастарқанға екі түрлі дәм қоймайтын болдым».

Омардың (р.а.) «Дүниенің барлық қызығын татып қалыңдар, оны пайдаланыңдар», – деген аятты адамдардың есіне салуы. Салим ибн Абдуллаһ былай дейді. Омар (р.а.) бірде: «Алланың атымен ант етейін, біздің дүние тіршілігінің дүниенің қызылы мен қызығына көңілім ауған емес. Егер қаласақ, жегеніміз қозының жас еті мен бидай ұнынан жабылған нан, ішкеніміз жүзім шәрбаты болар еді. Бірақ біз игі амалдарымыздың қарымтасын ақыретке қалдырғымыз келеді. Өйткені Аллаһ тағаланың «дүние тіршілігінің қызығын көріп, одан пайдаландыңдар» (Ахқаф, 46/20) дегенін естідік».

Халифа Омардың (р.а.) қырық жамау шапанмен құтба оқуы

Хасан Басридің жеткізген риуаяты: «Халифа Омар (р.а.) он екі жеріне жамау түскен шапанмен құтба оқыды».

Ибн Омар былай дейді: Омар (р.а.) халифа болып тұрған кезінде өз отбасын әрең асырайтын. Жылына бір-ақ көйлек алатын. Киімі тозып, бір жері жыртылса, жамау салатын. Көйлекті әбден сілімтігі шығып тозғанша үстінен тастамайтын. Қазынаның бүйірі тоқ, қаржы тапшылығы жоқ, ит басына іркіт төгілген молшылықта өмір сүрсек те, биылғы киген киімі былтырғысынан да нашар еді. Хафса оған үстіндегі киімін ауыстыруын өтінгенде, Омар (р.а.): «Мен қазынаның ақшасына киініп жатырмын. Маған осы да жеткілікті», – деп жауап берген еді».

материал «сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.