Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Руслан Байзақов: Шәкәрім өнегесі

0 762

Ақылы толық адам баласы үшін ата-ананың алдындағы перзенттің борышы айырықша. Ислам мәдениетінде оларға құрмет айырықша дәріптеледі. Құран Кәрімдегі мына аяттар бұл сөзіміді дәлелдей түскендей:

أَنِ ٱشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ ُ

«Маған және ата-анаңа шүкір ет!»(«Лұқман» сүресі, 14-аят)

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُوۤاْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِٱلْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً

«Раббың Өзіне ғана құлшылық қылуларыңды және ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті» («Исра» сүресі, 23-аят).

Аяттардағы ата-ананың мәртебесінің қаншалық биік екенін, оларға ізгілік көрсетудің қандай іс екенін аңғару қиын емес. Себебі, әуелгі аятта ата-анаға шүкір етуді Аллаға шүкір етумен қатар атап тұрса, екенші аятта ата-анаға жақсылық жасауды Аллаға құлшылық етумен бірге тілге тиек етіп отыр.

Пайғамбар өнегесінде де, бұл тақырып қағыс қалмаған. «Үш адамға Алла Тағала жәннатқа кіруді харам етті: үздіксіз арақ ішетін адам, ата-анасына құрметсіз адам, жақындарының бірі зина жасап, соған үнсіз қалған адам» (Ахмад хадистер жинағы), «Кімде-кім ата анасын риза қылса, Алланы риза қылғаны, егер ата-анасын ашуландырса, Алланы ашуландырғаны» (Ибн Нәджардың хадисінде) делінеді. Пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жорыққа сұранған шәкірттерін ата-анасына қарайласуға бұйырған. Міне, осыдан адам өміріндегі ата-анаға қызмет қылудың, ізгілік көрсетіп, жақсылық жасаудың қандай маңызға ие екені айқын көрініп тұрғандай.

Тарихи естеліктерде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың анасына қарсы шықпағаны айтылады. Ал, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, дін ғұламасы Ақыт қажы Үлімжіұлының ата-анасына ілтипаты ерекше болғаны айтылады. Тарихта өткен абыздардың өмірінде мұндай оқиғалар аз болмаған. Солардың бірі – Ахат Шәкәрімұлы атамыздың естелігінде мынандай жолдар кездеседі:

«..Үлкен ауыл деп атайтын Ботантай әжемнің ауылы Жидебайдағы Құнанбай салдырған, артынан Оспан, онан соң Абай қыстаған, Шидегі қыстауға жақын, таудан 30 шақырымдай болатын. Жазғытұрым отаулар малмен бауырға көшіп кеткенде, әке-шешем, біз – балалар қорада қалатынбыз. Қораның алдына тігілген қазақ үйдің, жанында тұрып, асу жақтан жирен ала атқа жеккен, арбалы атты жаяу Жанбота айдап, әжем бір қолымен арбадан ұстап, екінші қолына таяғын таянып келе жатқанын көріп «Әжем келе жатыр, әжем!» деп айғайладым. Әкей мен шешей үйден тез шығып жөнелді, біз жүгірдік. Жарты шақырымдай жерде арба келе жатыр еді. Әкей алдымен жетіп: «Апа! Аман ба?» деп апасын құшақтағанда үлкен әжем: «Менің, көшкенімді білмей, алдымнан шықпай неге жатырсың?! Міні, арбам сынып қалды» деп, әкейді бастан-арқадан таяғымен ұрып, сабап жатты. Әкейдің тымағы түсіп қалды. Оған қараған жоқ, апасын құшақтай берді, апасы сабай берді. Бір жағынан шешем барып құшақтап еді, «Ыбырайдың май басқан қызы! Сен де алдымнан шықпадың» деп, таяқпен шешемді де салып қалды. Әрине, кәрі адамның ұрғаны өтпесе керек, екеуі де таяққа қарамай, апасын құшақтай берді» дейді. Ал, осыдан кейін үйге кіріп жайланып отырғанда анасы Шәкәрім қажыға «Қалқам, Шәкәрім! Таяғым өтіп кетті-ау?! Бері келші?! Басыңнан сүйейін!» аналық мейірім көрсетеді. Міне бұның өзі ата-анаға құрметтің бір үлгісі.

Демек, ата-анаға құрмет – біздің руханиятымызда айырықша орын алған ізгі істердің бірі. Осы ізгілігіміздің бетіне сызат түспесе екен деп тілеймін.

Руслан Байзақов
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.