Уқба Ибн Амирдан (Алла оған разы болсын) риуаят етілгендей, Алла Елшісі (с.ғ.с.) сегіз жылдан кейін бір күні Ухуд шайхасында шәһид болғандарды зиярат етуге барды.
Осы жерде қоштасқандай дұға бағыштады. Осыдан кейін мінберге шығып, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деп бұйырды: «Мен сендерден бұрын ақыретке барамын және сендердің келулеріңе дайындаламын; Алла жолындағы қызметтеріңізге куә боламын. «Біздің бас қосатын жеріміз Кәусар бұлағының қасында. Мен тұрған жерден Кәусар бұлағын көріп тұрмын. Ендігі кезекте мен сендердің Аллаға (ортақ) серік қосуларыңнан қорықпаймын. Алайда дүниенің ашкөздігімен бір-бірлеріңмен таласып, тартысып кетесіңдер ме деп қорқамын». Уқба сөзін жалғастырды: Бұл менің Алла Елшісін соңғы рет көруім еді (Бұхари, «Мағази» 17; Муслим, «Фезаил» 31; Әбу Дәуіт, «Жаназа» 68-70; Несаи, «Жаназа» 61).
«قال أَنَسُ بْنُ مَالِكٍ: سَأَلْتُ النَّبِيَّ أَنْ يَشْفَعَ لِي يَوْمَ القِيَامَةِ، فَقَالَ: «أَنَا فَاعِلٌ». قَالَ: قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللهِ فَأَيْنَ أَطْلُبُكَ؟ قَالَ: «اطْلُبْنِي أَوَّلَ مَا تَطْلُبُنِي عَلَى الصِّرَاطِ». قَالَ: قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ أَلْقَكَ عَلَى الصِّرَاطِ؟ قَالَ: «فَاطْلُبْنِي عِنْدَ المِيزَانِ». قُلْتُ: فَإِنْ لَمْ أَلْقَكَ عِنْدَ المِيزَانِ؟ قَالَ: «فَاطْلُبْنِي عِنْدَ الحَوْضِ فَإِنِّي لَا أُخْطِئُ هَذِهِ الثَّلَاثَ المَوَاطِنَ»
Әнас бин Маликтен жеткен басқа бір риуаятта бұл жайында былай деп айтылады:
«Мен Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) Қиямет күні маған шапағат етуін өтіндім, Ол: «Мен шапағат етемін», – деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі, сені қайдан сұрастырсам (іздесем) болады? Ол: «Ең алдымен Мені Сират көпірінің маңынан іздеңдер», – деді. Мен: «Мен сені Сират көпірінің маңынан таппасам не істейін? Ол: «Онда мені (Мизам) таразының маңынан ізде», – деді. Мен: Егер мен таразының маңынан да таба алмасам? Ол: «Олай болса, мені Кәусар бұлағының маңынан ізде, өйткені мені осы үш жерден табасыздар» – деп бұйырды.
Ақыретте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) үш жерден (Сират көпірі, Таразы және Кәусар бұлағының) маңында болатынын және Өзінен кейін келген үмметіне шапағат ететінін айтқан.
Қасиетті рамазан айында барша мұсылмандардың дұға тілектерін қабыл етіп, ақыретте Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.ғ.с) кездесуімізді және шапағатына бөленуімізді нәсіп етсін.
Руслан Байзақов
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы