Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Астана қаласында «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында ұйымдастырылған V республикалық имамдар форумына қатысып, арнайы баяндама жасады.
Министр Дархан Қуандықұлы мүфтият жұмысына жоғары баға беріп, дін қызметкерлеріне, имамдарға ризашылығын білдірді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – тәуелсіздік тұсындағы сындарлы кезеңде халықты ауызбірлікке бастар иманды істерге ұйытқы болып, қажырлы қызмет атқарып келеді.
Этносаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық моделін бүгінде әлем елдері мойындап, Қазақстанның осы саладағы кемел тәжірибесімен бөлісуде. Арқа төсіндегі Астана қаласы – діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен диалогтың жаһандық алаңына айналды. Осы ретте, имамдарымыз қоғамдағы бірлік пен келісімді, татулық пен бейбітшілікті нығайтуға аянбай үлес қосып отырғанын ерекше атап өткіміз келеді» деді министр.