Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жаңа кітап оқырманға жол тартты

0 393

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен V республикалық имамдар форумында «Ханафи хадис әдіснамасына кіріспе» кітабы таныстырылды.

Жаңа кітаптың тұсаукесеріне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір жастар арасында кітап оқу үрдісі қалыптасып келеді. Жалпы жұртшылық тарапынан ізгілік, имандылық, адамгершілік тақырыбында жазылған кітаптарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді.

Біз халқымыздың рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында жыл сайын төл баспамыз «MUFTIYAT» баспасынан рухани, діни, мотивациялық бағытта, сонымен қатар дәстүріміз бен салтымызды дәріптейтін 20-дан астам кітап шығарып, халыққа мейлінше таратып келеміз. Мақсатымыз – діни ағартушылық бағыттағы жұмыстарымызды жандандыру.

Оқырманға жол тартып отырған қолымыздағы жаңа кітап – «Ханафи хадис әдіснамасына кіріспе» ханафи мектебінің шеңберінде осы ғылымның зерттеуіне арналған. Хадис усулі және терминологиясы хадис ілімінің кілті. Бұл ілімнің қалыптасуына Ислам үмбетінің ұлы ғұламалары, хадисшілер, фиқһ және усулші ғалымдары өз септігін тигізген. Олар Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне қызмет ету мақсатында аянбай еңбек еткен.

Кітап авторы зерттеуші ғалым Абдулмәжид әт-Туркмәни хадис әдіснамасы және терминологиясы саласындағы шәкірттерге арнаған осы «Кіріспе» атты еңбегі арқылы ғылым саласына үлкен үлесін тигізді. Жазған еңбегі – заманауи стилистика, логикалық реттілікпен жеңіл жазылған. Сонымен қатар, байырғы кітаптар мен ғұламалар құп көрген сенімді әдебиеттерді пайдаланған. Ұлы Жаратушы иеміз бауырымызға осы еңбегінің жемісін беріп, қаламына қуат дарытқай!» деді Бас мүфти.

Кітап исламтанушыларға, медресе шәкірттеріне және жалпы оқырманға арналған. Бұл кітап «Талаба» қауымдастығының Түркиядағы жетекшісі Жандос Айтбайдың ұйымдастыруымен аударылды. Қазақ тіліне аударған – исламтанушы, др. Озат Шамшиев.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.