Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ Мысырдағы қазақ студенттермен кездесті

0 622

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай Мысыр Араб Республикасына ресми сапары барысында осы елде білім алып жатқан қазақ студенттерімен кездесті.

Кездесу Құран аяттарын оқумен басталып, ҚМДБ Төрағасы дұға жасады. Бұдан кейін Бас мүфти «Талаба» қауымдастығына мүше қазақстандық студенттерге Діни басқарма атқарып жатқан ауқымды жұмыстарды таныстырып, насихат айтты.

«Біз әрдайым білімді мамандардың қатарын көбейтуге көңіл бөліп келеміз. Білімнің құбыласы саналатын Мысыр жерінде оқып, Қазақстанда елеулі істер атқарып жүрген шәкірттеріміз баршылық. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізден» деген өсиетін естен шығармай, біліктілігін ұдайы жетілдіруге талпынып жүрген шәкірттердің талабына нұр жаусын. Елімізде асыл дініміздің өркендеуіне, ілім-білімнің жайылуына, ата-баба дәстүрін жалғастыруға атсалыса беріңіздер» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ кездесу барысында Діни басқарманың Мысыр Араб Республикасындағы тұрақты өкілі Руслан Серғазиев «Талаба» қауымдастығы соңғы жылдары атқарған ауқымды шараларды баяндап, қазақстандық студенттерге тұрақты түрде қамқорлық көрсетіп жүрген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына алғысын білдірді.

Кездесу соңында Бас мүфти «Талаба» қауымдастығына, қазақ студенттеріне «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген кітаптарды салтанатты түрде сыйға тартты.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.