Бүгін, маусым айының 28-і – қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні. Мұсылман үмбеті асыға күтетін мейрам елорда мешіттерінде айт намазын оқумен басталды.
Астана қаласының зәулім мешіттері – ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешіт пен «Әзірет Сұлтан» мешітіне жиналған жамағат алдымен наиб мүфтилер Сансызбай Құрбанұлы мен Кенжеәлі Қоңыратбайұлының уағыз-насихатын тыңдады. ҚМДБ Төрағасының орынбасарлары қос мешітте елордалық жамағатқа Құрбан айт мерекесінің маңызы, құрбан шалудың тарихы мен хикметіне тоқталды. Бұдан кейін жылына бір келетін құрбан айт намазы оқылып, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасалды.
Айта кетейік, бүгін елорда мешіттерінде ұлық мерекеге орай қайырымдылық жәрмеңкелері, сүннетке сай ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айт құтты болсын, ағайын!