Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти республикалық конференцияға қатысты

0 165

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Бас мүфти Петропавл қаласында «Иманды ел – ізгі қоғам кепілі» тақырыбында өткен республикалық конференцияға қатысып, арнайы баяндама жасады.

«Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға үлес қосу. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны жүзеге асырып келеміз. Ислам барлық адамзатты ізгілікке, жақсылыққа шақырады. Бірлік пен берекеге шақыру – қазақ халқының қанында бар қасиет. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз адамның кемелдікке жетуі үшін төрт шартты атап өткен. Олар – кеңістік, уақыт, бауырмалдық, өзара ынтымақтастық. Міне, осы құндылықтар болған кезде қоғам да, адам да бақытты болады» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Конференцияда баяндама жасаған зиялы қауым өкілдері жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру, жас буын өкілдерін құмар ойындарға тәуелділіктен құтқару, қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттаудың маңызы сынды тақырыптарда ойларын ортаға салды.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.