Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

І халықаралық Құран жарысының соңғы дайындық жұмыстарын пысықтады

0 98

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласында 2023 жылдың 1-2-қараша күндері Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай тұңғыш рет өтетін І халықаралық Құран жарысының соңғы дайындық жұмыстарымен танысты. Жұмыс тобы Бас мүфтиге қазіргі уақытқа дейін атқарылған іс-шаралар туралы есеп берді.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз жыл басында дін қызметкерлері үшін 2023 жылды діни салада «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияладық. Осы жыл аясында көптеген игі іс-шаралар жүзеге асты. Қазақ даласында тұңғыш рет өтетін І халықаралық Құран жарысы осы жыл аясында атқарылатын ең ауқымды іс-шара болмақ. Алла Тағала қазақ даласын, осынау қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан баршамыздың жүрегімізді Құран нұрымен нұрландырып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Әмин!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетсек, Құран жарысына Индонезия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабия Корольдігі, Мысыр Араб Республикасы, Түркия сынды әлемнің 30-ға жуық елінен келетін қарилар Құранды толық жатқа оқудан бақ сынайды. Халықаралық Құран жарысына Қазақстан, Түркия, Мысыр Араб Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан Республикасынан келетін әлемге танымал, тәжірибелі қарилар қазылық етеді.

Екі күнге созылатын Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың ресми әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан тікелей эфир арқылы көрсетіледі.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.