Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жылдың ең ауқымды іс-шарасы

0 156

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш рет ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай І халықаралық Құран жарысы өтіп жатыр.

Республикалық бас мешітте өтіп жатқан халықаралық жарыс қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен ашылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы дұға жасады. ҚМДБ Төрағасы оқылған Құран сауабын жуырда ғана Қарағанды шахтасында қаза тапқан азаматтардың, сондай-ақ Палестинадағы жазықсыз құрбандардың рухына бағыштады. Алла Тағаладан елге амандық, жер бетіне бейбіт заман тіледі.

Бұдан кейін қазақ даласына Ислам дінінің келуі жөнінде әзірленген арнайы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғысөз сөйлеп, қатысушыларды, құрметті қонақтарды құттықтады.

«Бүгін қазақ топырағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай тұңғыш рет өткізіліп отырған І халықаралық Құран жарысының негізгі мақсаты – бабалар аманатына амал ету, Құран құндылықтарын әлемдік деңгейде дәріптеу, қасиетті кітабымызға құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру» деді ҚМДБ Төрағасы.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш іс-шараның маңызына да тоқталды:

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз жыл басында дін қызметкерлері үшін 2023 жылды діни салада «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияладық. Осы жыл аясында көптеген игі іс-шаралар жүзеге асты. Бүгінгі халықаралық Құран жарысы осы жыл аясында атқарылған ең ауқымды жұмыс болмақ. Алла Тағала қазақ даласын, осынау қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан баршамыздың жүрегімізді Құран нұрымен нұрландырып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Әмин!» деді.

Әлемнің 30-ға жуық елінен 27 қари қатысып жатқан Құран жарысы екі күнге жалғасады. Жарысты қазақ тілінде ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров пен араб тілінде Қажылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сырым Құрмаш жүргізуде.

Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан, Діни басқарманың @muftiyatkz ресми инстаграм-парақшасынан тікелей эфир арқылы көрсетіліп жатыр.

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.