Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дін мен дәстүр жайында жұма уағызы айтылды

0 169

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы Республикалық бас мешітте жамағатқа жұма уағызын айтты.

Бас мүфти «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» тақырыбында насихат айтып, асыл дініміз бен ата-баба салт-дәстүрінің біте қайнасқан тұстарына кеңінен тоқталды.

«Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Дініміз бен дәстүріміз бүкіл өмірімізді қамтитындықтан бұл екі құндылығымыз жайында ұзақ айтуға болады.

Түркі тайпалары, соның ішінде қазақ халқы VIII ғасырда, яғни ислам дінінің келу кезеңінен бастап, Алланың әмірлеріне бойсұна бастады. Ислам діні қазақ халқының рухани тірегіне айналды. Осылайша исламды саналы түрде қабылдаған ата-бабаларымыз дамудың жаңа сатысына көтерілді. Жазушы Мұхтар Әуезовтың: «Түркі халықтары мұсылмандықты қабылдаған соң бір қырдан асып кеткендей болды» деген сөзінде үлкен мән бар. Діні мен дәстүрін ұштастырған бабаларымыз ғасырдан ғасырға жалғасып осы екі құндылықты өмірлік жол басшы етті. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп болашақ ұрпаққа бабалар салған сара жолды ұстанып, салт-дәстүрімізді ардақтауға шақырды» деді ҚМДБ Төрағасы.

Жұма намазынан соң Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.