Күйеуің бос емес кезде әңгіме қозғама.
Мамандардың айтуынша, ер адам маңызды іспен айналысып жатқанда, басқа ешнәрсеге назар аударғысы келмейді. Сондықтан оның ісі аяқталғанша күткен дұрыс. Себебі, ол өзінің әрекетін әйелінің әңгімесінен маңыздырақ деп санайды, тіпті айналысып жатқан ісі болмашы нәрсе болса да.
Жұмыстан келген бетте сөйлеспе
Егер күйеуің жұмыс істеп, сен үйде болсаң, оның жұмыстан шаршап келетіні анық. Ол демалып, тамақтанып, көңіл күйі орнына келгенше күт. Бұл уақытта әңгіме қозғау оның шаршауын күшейтіп, сабырсыздыққа әкелуі мүмкін.
Ол тыңдамай тұрса, айқайлама
Егер күйеуің сені тыңдамай жатқанын байқасаң, ашуланып айқайлаудың қажеті жоқ. Бұл оның қырсықтығын арттырып, мәселені күрделендіреді. Оның орнына тыныштық сақтап, ол өзі қызығушылық танытып, саған сұрақ қойған сәтті күт. Сабырлы болу күйеуіңнің өз қателігін түсінуіне көмектеседі.
Оның сені түсінгеніне көз жеткіз
Кейде күйеуің басын изеп, сені тыңдап тұрғандай көрінгенімен, ойын басқа нәрсе алаңдатуы мүмкін. Сондықтан оның айтқаныңды түсінгенін тексеру үшін сұра: «Менің айтқанымды түсіндің бе?» немесе «Не айтқанымды қайталап бере аласың ба?»
Оңай сұрақтармен мазалама
Ер адам артық, орынсыз сұрақтарды ұнатпайды. Мысалы: «Қайда болдың?», «Неге кеш келдің?», «Басқа әйелмен сөйлестің бе?» сияқты сұрақтар, әсіресе, адал әрі сенімді ер адамға ауыр тиеді. Мұндай сұрақтар оны ренжітіп, сенімсіздік тудыруы мүмкін.
Әдемі күлкімен сөйле
Ер адамдар әйелдің көңілді, жылы жүзін ұнатады. Әңгіме барысында сәл жымиып сөйлеу оның саған қызығушылығын арттырады.
Әңгіме тақырыбын дұрыс таңда
Ер адам көбінесе басқа адамдардың киімі, тамақ жеу тәсілдері сияқты ұсақ-түйекке қатысты пікірлерді ұнатпайды. Оның қызығушылығын оятатын, өзіне жақын тақырыптарды таңда.
материал «Бақытты әйелдің сыры» кітабынан алынды,
sunna.kz