ҚМДБ: Жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісі басталды (фото)
ҚМДБ: Жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісі басталды (фото)
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен 2024 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісі басталды.
Жиын қасиетті Құран Кәрім аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі. Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы еліміздің әр өңірінен келіп отырған өкілдіктердің бас имамдарының, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жыл бойына атқарған жұмысына оң баға беріп, сәттілік тіледі.
«Қазақта «Кемедегінің жаны бір» деген даналық сөз бар. Біз бәріміз бір кемеде кетіп бара жатқан, яғни бір мақсат аясында қызмет етіп жатқан жандармыз. Десе де әр адам өзінің игі амалы үшін тиісті сауабын алады.
Бірде хазіреті Әли (оған Алла разы болсын): «Мен әрбір жасаған жақсылығымды өзіме жасадым», – дей келе, мына аятты оқиды: «Әлдекім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе, ол да өзіне. Сосын Раббыларыңа қайтарыласыңдар» («Жәсия» сүресі, 15-аят).
Аллаға шүкір, жыл басында өздеріңізге жолдаған бағдарлық баяндамамда берілген тапсырмалар ойдағыдай орындалды. Жоспарымыздың ойдағыдай орындалуына үлес қосқан әрқайсыңызға алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын!» деді Бас мүфти.
Айта кетейік, бүгін және ертең Діни басқарманың еліміздің әр өңіріндегі өкілдіктерінің бас имамдары 2024 жылы атқарған жұмыс есебін баяндайды.