ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысының бас имамы болып Думан Сайфулла тағайындалды.
Наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы облыстық «Халифа Алтай» мешітіне жұма намазға жиналған жамағатқа ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жолдап, тағайындау туралы бұйрықты оқып берді.
Думан Нәдірұлы еңбек жолын Алматы қаласы мешіттерінде діни қызметтен бастап, Имамдардың білім жетілдіру институтында ұстаз, әр жылдары Абай облысы Аягөз ауданында бас имам, Астана қалалық «Әлжан ана» мешітінің бас имамы және осы күнге дейін ҚМДБ орталық аппаратында Уағыз-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қатарлы қызметтерді абыройлы атқарған.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының бас имамы болып қызмет атқарған Ермек Қасболатұлы жуырда ғана ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен наиб мүфти болып тағайындалған болатын. Мешіт жамағаты алдында наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы Ермек Қасболатұлының Шығыс Қазақстан өңірінде атқарған қызметіне мүфтият атынан алғыс айтып, аса жауапты наиб мүфтилік қызметіне табыс тіледі. Сонымен қатар жамағат атынан ақсақалдар бата беріп, наиб мүфти Ермек Қасболатұлына шапан жапты. Шығыс Қазақстан облысының жаңадан тағайындалған бас имамы Думан Нәдірұлына діни қызметте абырой мен жетістік тілеп дұға жасады.